Тамыр ұстау арқылы кеселді анықтау.

tamyr1Қазақ медицинасы ғасырлар бойы сырқатпен сырласып, аурумен алысып, қортыныдылап тәжірибе жинақтарынан жарыққа шығарды. Ұлтымыздың дәстүрлі асыл мұрасы, XV ғасырларда өткен Өтейбойдақ бабамыздың «Шипагерлік Баян»атты еңбегі осының бірден бір дәлелі болмақ, Қазақ медицинасы өзіндік ереже-қағидаларын, тексеру әдістемелерін өз ішіне қамтиды. Жеке-жеке тоқталсақ: -тексерудің 6 түрлі әдістемесі жайлы айтылады.

Олар : 1. Ұстап тексеру.

2. Қарап тексеру.

3. Иіскеп тексеру.

4. сипап тексеру.

5. Қағып тексеру.

6. Тітіркендіріп тексеру.

 

Тамыр ұстап тексеру.

Бұл қазақ медицинасының негізгі бір бөлігі. Өтейбойдақ бабамыздың негізгі тексеріу әдісі тамыр ұстау болыпты. Бабамыз бұл әдісті 5 түрге бөліп көрсеткен:

1) Білек соқпа тамыры.

2) шеке соқпа тамыры.

3) аяк үсті соқпа тамыры.

4) шап соқпа тамыры.

5) алқым (мойын) соқпа тамыры.

Әр әдіс науқастың жағдайына қарай қолданылатын болған. Осылардың арасындағы ең негізгі назарға алынатыны білек соқпа тамыры. Шипагер тамыры ұстаған кезде дене тазалығына көніл бөлуді (дәретті болу), қымыз, шұбат, шарап ішпеуді, шегімдік шекпеуді,төтенше шаршаған және ерекше аштыққан жағдайға болуды, әсересе куанышта әрі ренжісте болуды, қол саусақтары жумсақ әрі жылы болуды, науқасқа миейірімді болып, муқият тексеруді талап еткен. Міне осындай тамыр ұстап тексеру қазақ медицинасының негізгі бір бөлігі деп айтуға болады.

Тамырды қарап ұстап тексеру. Шипагер оң сұқ қол, ортанғы қол, аты жоқ қол саусақтарымен науқастың сол жақ білек суйек басының сәл артжақ астын ала оранласқан соқпа тамырды ұстайды. Бұндағы соқпа тамырдың соғылуың үш саусаққа ұрылу өзгерісіне қарай отырып тамырдың соғуын мына бірнеше атауларға бөлеміз:
1) Қалқыма тамыр.
2) Керме тамыр.
3) Лопылдық тамыр.
4) Баяу тамыр.
5) Сырғақ тамыр.
6) Теінді тамыр.
7) Шөкпе тамыр.
8) Әлсіз тамыр.
9) Ретсіз тамыр.
10)Рікілді тамыр – деп10 түрлі тамырға бөлү арқылы:
1. Жүрек
2. Жүрек қантамырлары
3. Өкпе
4. Тыныс жолдары
5. Өңеш
6.Ақсазан
7. Ішек
8.Тоқ ішек
9.соқыр ішек
10.Тік ішек
11. Бауыр
12. Өт.
13. Өт жолдары
14. Ұйқы без
15. Көк бауыр
16. Бүйрек
17. Қуық
18. Зөр шығару жолдары
19. Жыныс жолдары
20. Қол
21. Аяқ
22. Бауыр.
23. Бас
24. Жүйке және жұлын
25. Ауыз қуысы
26. Омыртқалар
27. Құлақ
28. Көз
29. Мұрын
30. Тері
31. Без қатарлы болып отыз бір мүшеге таралған 62 тамырды анғарады.
Халқымыздың ауыз екі қалжында айтылатын «ішіп жібер, тартып жібер, кетсін тарап 62 тамырға» дейтін сөздер тегін айтылған сөздер емес. Отыз бір мүшенің біреуінде ауру сырқаты болса, әрине 62 тамырдың қан айналымында біреуінде кірбеңдік болатыны шындық. Сондықтан «62 тамырға кетсін тарап» дегендік «денің сау болсын»деген тілекті білдіреді.

ТАМЫР ҰСТАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Шығыс медицинасында адамның ауруын анықтаудың әр түрлі жолдары болған.

Мысалы: өзінен сұрау, науқасты көру арқылы аурудың неден болғаның, себебін және ағзалардағы болған өзгерістерді толық түсінуге мүмкіндік туады.

Дертті дәл анықтаудың бір жолы – тамыр ұстау . Бұл тәсіл – дәрігерлік сараптаманың ішінде ең күрделісі. Оны үйрену үшін көп жыл керек болады. Сол себепті оны дәрігердін, емшілердің бәрі бірдей толық үйреніп алуы мүмкін емес. Тамыр ұстауда науқас пен дәрігерді байланыстыратын негізі мүше – білек тамыры, дәрігердің екі қолының саусағының ұштары. Бұған екі қолдың алты саусағы қатысады. Жүрек соғысын білдіретін тамыр – ең негізгі хабар беруші. Себебі, ол жүрекке баратын оттегінің әсерінен барлық ағзаларға қанның, басқалай заттардың қалай жетіп тұрғанын анықтайды. Кейде мынандай күмәнді сұрақ тууы мүмкін:

Жүрекке жақын күре тамырды аяқтың қызыл асық тұсындағы тамырдан анықтамай, неге білек тамырды ұстайды? Мұндай сауалға айтар жауап, қанның ағынды екпінін жақыннан тындағаннан гөрі алыстан тындаса, қан аяғы баяулап, науқастың белгілері нақты білінетіндігіндез. Тамыр ұстап анықтарда науқас күні бұрын тамақты сәйкестендііріп ішіп, тыныш ұйықтауы ауыр жұмыс істемеуі керек.

Ауыр науқастың тамырын күн шығар мезгілде ұстау дұрыс. Себебі: топырақтың ыстық-суығына сәйкес келетін мезгіл деп есептеледі. Топырақ қызған кезде қан ағысының жылдамдығы күшейіп науқасты дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Ал, оте суық кезде қан салқын тартып, ол да науқасты нақты анықтауға зиянын тигізеді. Адамның тамыр соғысын: еркек, ұрғашы , аралас деп бөледі. Еркек тамыр жуантық, соғысы күшті. Ұрғашы тамыр жіңішке, соғысы жылдам, күшті. Аралас тамыр екеуің ортасында, жұмсақ, баяу соғады. Науқасты анықтар алдында, тамыр қайсысына жататынын анықтайды. Мысалы: көктемнің 3 айының бастапқы 72 күнінде баурдың тамыр соғысы күшті болып білінеді, мұны білмесе, бауыр ауырады деп қалуы мүмкін.

Тамыр ұстау барысында оң қолдың сұқ саусағының жоғарғы бөлігі жүректің, төменгі бөлігі асқазанды, шылдыр шүмектің жоғарғы бөлігі сол бүйрек, төменгі бөлігі ұйқы бездерінің қызметін тексеруге мүмкіндік жасайды.
Сол қолдың саусағының жоғарғы бөлігі өкпе, төменгі бөлігі тоқ ішектің, ортаңғы саусақтың жоғарғы бөлігі бауыр, төменгі бөллігі өттің, шылдыр шүмектің жоғарғы бөлігі оң бүйректің, төменгі бөлігі қуықтың қызметін анықтайды.
Бірақ осының бәрін, сайып келгенде, тамырды ұстау сыртқы бір тылсым күштің әсерінен деп түсінемін. Дереккөз

Кеселдің табиғаты

lizo1

Ауруды қалай анықтауға болады? Диагноз

Қазақ мақал-мателдері

Жаның сау болса, сорлымын деме,

Танің сау болса, жарлымын деме.

Сұрақ: – Аурулардын негізгі неше турі болады?

Жауап: – Негізінде аурулардын екі турі болады.

Ақыл-ойдың аурулары – қояншық (эпилепсия), жындану (шизофрения), жақтырмау (аллергия), өкпе қабынуы (астма), сусамыр (диабет). Бул ауруларды дарігерлер үлкен қиыншылықпен емдейді немесе жаза алмайды, себебі адамнын нәзік денелері ауырады. Осы жағдайларда адамның танін өзгертуге ұмтылады да дарімен «тамақтандырады», біракта осынын негізгі себебі, зардабы – ақыл-ой ауру қалпында қалады.

Сұрақ: – Адам науқаска шалдыққанда ағза мүшелері қандай белгілер береді?

Жауап: – Ішкі қуаттын қандай болмасын бұзылуы, алдымен біздін бес сезім мүшелерімізге әрекет етеді. Олар біздін ішкі қалпымыздың бұзылғанын көрсетеді. Сезім мүшелері арқылы қоршаган ортамен араласамыз, егер олар сезімталдықтарын жоғалтса, онда тәніміз қоқысқа толып кеткені. Осы кезде құлагыңыз жөнді естімей, көзіңіз өлеусіреп жөнді көрмей, мұрныңыз иіс, тіліңіз дам сезбей әрі-сәрі күйге түсесіз. Бұған назар аудармасаңыз ауруыңыз асқына түседі.

Біздің бұл  пәниде тездетіп жоятын үш нарсеміз  бар – өрт, ауру жане қарыз. Ауруды емдеуді негұрлым ерте бастаныз, сонда ғана ағзаны тез арада қалпына келтіресіз. Аурудың бастапқы үш деңгейінде сезімталдығыңыз жоғалады, ал төртінші деңгейінде сыртқы және ішкі өзгерістер басталады.

Ол – бет әлпетіңіз, шашыңыз, тырнағыңыз, теріңіз өзгере бастайды. Мысалы, теріңіз болбырап, түрі өзгеріп неше түрлі дақтар мен жаралар, қотырлар пайда болады. Аяқтағы башпайларыңыз қисайып, бас бармағыныздың сыртынан сүйек өсіп, тырнактың түрі өзгеріп, шашыңыз жансызданып түсіп, тісініз бұзылып, мүжіле бастайды. Сондай-ақ көз алды қалталанып, бетіңіз ісіп, жағыныз суалып, танауыңыз қызарады. Қысқаша айтсақ – бет әлпетіңіздің әлем-жәлемі шығып, уайым мен ішкі мазасыздықтың табы, тайға таңба басқандай білініп тұрады. Ерніңіз кеберсіп, бетіңіздін табиғи шырайы жоғалады. Аяқ қолыңыз ісіп кеуіп, буын-буыныңыздан әл кетеді. Осылар ауруыңыздын сырткы белгілері.

tildegi_a-parСұрақ: – Ауырған кезде дарігерлер тілді не ушін тексереді?

Жауап: – Ішкі мүшелердің жағдайын тіліңіз айтады. Тіліңіздін бет қабаты жарылып, шеттерінде тіс табы қалады. Сау қалыпта тілініз ылғалды, қызыл шырайлы, таза болады.

Бозарып кеткен тіл – қаннын дұрыс айналмайтынын, жүректін нашар жұмыс істеуін жане қан тамырларыныздын шырышка толып кеткенінін көрсеткіші. Тілдін бозаруы сондай-ақ, қаннын қызыл түйіршіктерінін азайғанының тікелей көрсеткіші.

Егер тілініздің үсті сарғыш немесе сарғыш жасыл болса бауырыңыз дұрыс емес, запыраннын ішекке жиналуын, өтке запыранның келетін жолынын бітелуін, қан тамырларыңызда қанмен қоса запыранның айналып жүргенінін айғағы. Таңертең тұрғанда аузыңызда кермек дәм болса, өтіңіздің бұзылып тас байланып жатқаны.

Егер тіліңіз жасыл көкшіл болса, онда жүрегіңіз әлсіз, ішкі қуатыңыздың азайғанының белгісі.

Тіліңіздін шетіндегі тістің табы – ішегіңіздің сіңіру қабілетінің нашарлығын және асқазаныңыздың тамақты қортпайтынының көрінісі.

Егер тіліңізді қоймалжың ақ уыз басып алса, ағзаңызда улар бар.

Мысалы: тіліңіздің ұшындағы ақ уыз удың ішекке, ал ортасына жиналса асқазаныңызга, егер астына жиналса онда журегіңізге шоғырланғанының дәлелі.Тілініздің ортасындағы жолақ омыртқаңыздағы кеселді, белініздін ауратынының, ал жолақ қисық болса хандроздың корсеткіші.

Сұрақ: – Үлкен дәреттен қандай ауруларды байқауға болады?

Жауап: – Үлкен дәрет те біздің ішегіміз бен асқазанымыздың қалай жұмыс істейтінін айтып береді. Егер үлкен дәретіңізде қортылмаған тамақ болса, онда асқазаныңыз қортпайды, ішегіңіз де дұрыс емес. Таспа немесе жіңішке арқан турінде болса онда ішегіңіздін тарылғаны, қысылғаны. Шырыш пен қан аралас шықса инфекция, ал исі ащы қышқыл, көбік аралас шықса ішегініздегі ағымдардын ашып божуы. Өттен запыран дұрыс бөлінбегенде, дәретіңіз ақшыл түсті балшық не құм тәріздес болады. Ұлтабар (поджелудочная железа) бұзылғанда ақшыл-сары жане майлы. Егер асқазаныңызда қан болса қап-қара, ал ішегініздегі қан араласса қызылдау болады. Ішегіңізде асқыну басталса – дәретіңіз шырыш пен ірің аралас шығады.

Сұрақ: – Сонда адамдардын ішінен шыққан қоқыстардан да ауруларды тап басып айтуға болады екен ғой?

Жауап: – Адам деген тірі кітап, тек қана күнделікті оқый білу қажет. Күнделікті өзіңнің тіліңді, бет-әлпетіңді, көзіңді, тырнағыңды, ерніңді мұқият бақылап журсеңіз, қай жеріңіз ауыра бастағанын жане қай мүшелеріңізге улар шоғырланын алдын ала біліп отыратын боласыз.

Сұрақ: – Енді кіші дәретке шолу жасай кетсеңіз?

Жауап: – Қалыпты жағдайда кіші дәретіңіздің түрі ақшыл-сары, онша жағымсыз исі болмайды. Күнделікті ет жей берсеңіз дәретіңіз ащы жағымсыз иіс шығарады, терлей бергеннен соң түрі сап-сары болады. Бауырыңыз бен өтіңіз ауырғанда даретіңіз күңгірт сары немесе жасыл түстес болады. Қызғылтым болса несіп жолдарының, ал ақ түстес белоктық жіптер шықса – бауырыңыз бен қуыгыныздың, қан аралас болса әйелдердің жыныс мүшелері мен бауырының ауырғанының белгісі. Дәрет алған кезде дәретіңіз жіп-жінішке немесе жан-жаққа шашыраса онда – қуыгыңыз бен бүйрегіңізде тас болғаны.

Сұрақ: – Суық тійу дегенді қалай түсінесіз? Одан жазылудын жолдары қандай?

Жауап: – Қабыну кеселдері – өз жағдайына қанағаттанбай үнемі өкініштің, ызаның үстінде жүруден. Тұмау тигенде адамға өмір сүру қиын. Егер осы жағдайға тап болсаңыз табиғатты кінәламаңыз. Мәселе аяғыңыздан суық өткендігінде, тоңғандықтан, суық тигендіктене емес. Суық тиіудің нақ ақиқаты – жазылуға бет бұрган жайсыздык. Себеп, ішкі тазалықтың болмауында.

Қалдықтар мен улы заттар өте көбейгенде, ағза тұмаудың көмегімен өзінен аластатады, жазылуға бет бұрады. Осыны вирустың әсері немесе ауру демеңіз. Осы кезде, өмірлік күштер сізге жұмыс жасап жатыр. Егер сіз табиғатпен одақ болсаңыз, онда тазалануына көмектесесіз. Тазалау ағымына бөгет жасайтын әрекет істемеңіз. Сізден жалғыз талап етілетіні – ашығыныз!

Табиғат не істеу керек екенін жақсы біледі. Сізге қалатын бір-ақ нарсе, жылы төсекте жату. Барлык тамақтан бас тартыңыз, жемістен де, шырынынан да. Анда санда аз ғана бал қосылган не лимон шырыны қосылган ыстық таза су ғана ішіңіз! Жататын жеріңіздін ауасы таза болуын қадагалаңыз, оқымаңыз, теледидар кормеңіз, радио тыңдамаңыз. Тек уйықтап демалыңыз. Туыстарыңыз, достарыңызбен әңгімелесем деп қуатыңызды жоғалтпаңыз. Өзіңізді қоршаған ортадан бөліп тастаңыз.

Тазалану жайсыздығында қанша ашығуға тиіссіз? Мұндай жайсыздыктар жылдың әр мезгілінде бола береді, асіресе суық кездерде. Аяқтан турып кетуге көбінесе 3 таулік жетеді, кей кездерде апта немесе 10 тәулік керек болады. Тәулік туралы мазасызданбаңыз, тазалану жайсыздығынан кейін тәуір болғаныңызды өзініз байқайсыз.

Көпшілік адамдарға осы әдіс қарапайым сияқты көрінеді. Оларды қорқыныш билеп, емделу үшін әйтеуір бірдеме істеулері керек. Тіпті табиғаттын, сіздің ағзанызды тазалауы созылып кетсе де, үрейге бой алдырмаңыз. Әрбір адам өзінің денсаулығын түсінген сайын ыждағатты бола беруі керек. Ол өзінің денсаулығын өте жоғарғы деңгейге жеткізуі керек, осының басқа ілімдермен салыстырғанда маңызы зор. Әрбір адам өзінің мінез құлқынының қалыптастырушысы, сондай-ақ өз көніл күйі мен денсаулығының сақтаушысы.

Жаратушымыз адамды жаратқанда, өзінің денсаулығының күшін орынды пайдалану үшін, таңқаларлық сана, ерекше қабілет берген.

Ашығу – табиғи денсаулыққа жетелейтін жолдардың біреуі ғана. Табиғат бізге қарапайым тазалау құралын берді. Біз табиғатпен одақтасып, өзіміздің өмірімізді табиғаттың бұлжымайтын заңдарымен үйлестіруіміз қажет. Тек, табиғатпен бірігіп өмір сүру арқылы ғана, тәніміздің, ақылымыздың, рухымыздың жоғары деңгейге жету мүмкіншілігін арттыра аламыз. Денсаулыққа төте жол жок. Табиғатымыз, өзімізге тиесілі жұмысты атқаруымызды есепке алады. Біз ашыққан кезде осы жұмыстарды атқарамыз. Біз өзіміздің әдеттерімізді, өмірімізді табиғат заңдарына үйлестірмейінше, табиғат ғажайыптарын байқатпайды.

Сурак: – Адамға жүрек ауруы қай уақытта жабысады?

Жауап: – Жүрек ауруы бірден жабыспайды. Жүрек талмасы – бүкіл қуаныш-қызықты ақша мен мансапқа айырбастаудың салдары. Уақыт өткен сайын қан тамырлары да тозады.

Бұл – темекінің, арақтың, аса майлы тамақтың (әр түрлі еттер, жұмыртқа, сүт тағамдары) ұзақ уақыт жасаған қасіретті әсері. Тағы бір себеп дене қимылының аздығы. Қан тамырының тозуы жар басына жиі әкеледі. Адам өзінің қан тамырларының 50 пайызы бітеліп қалғанын тіпті сезбей де қалады. Тіпті білгір мамандардың өздері де, қазіргі зерттеу әдістерін қолданып қауіпті еш нарсе таба алмауы мумкін.

Қан тамырларын бітеп тастайтын зат – холестерин немесе қан тамырларының қабырғасына шөгіп қалған қақтар. Бітелу біртіндеп басталады, қан тамырларының іші жіңішкере беріп, жүректің бұлшық еттерін жұмыс істететін мөлшерде қанның қуйылуын қамтамасыз ете алмайды. Қан тамырлары тіпті жіңішкере бастағанда, жүрек пен қан қысымының ауруы белгі бере бастайды. Қан тамырларының бұзылуы жас шағынан басталып, біртіндеп тозып бітеле бастайды. Сонан сон, әлдекім танертең өзінің кунделікті күйбеңіне кіріскенде, кенеттен көзі қарауытып, жүрегі қысып өліп кетеді. Өлмей қалған жағдайда, өмірлік кембағал болып қалады.

Өзіңнің қан тамырларыңның тазалығын, басқа заттармен ластанбауын тұрақты түрде тексеріп отыруың керек, әйтпесе жүрегің қысуы мүмкін. Қалыпта тағам да тамырларға қақ тұрғызып, бейнетке ұшыратады. Адамдардың көпшілігі, қатерге ұшырамай, өзінің қан тамырларының жағдайын білмейді. Ауру қыспағанша, олар өздерінің жаман әдеттерінен арылмайды жане өзінің қалыпты тамағын жей береді.

Бұрыннан белгілі жайды қайталауға рұқсат етіңіз. Сіздің жасыңыз бұл сіздің қан тамырларыңыздың жағдайы. Есінізде болсын, көпшілік жағдайда кан тамырларынын бітелуі жас күніңнен басталып, мөлшері 55-ке келгенде жүрек-қан тамырлары ауруына әкеп тірейді.

Мен ашығу жүрек-қан тамырларының ауруын емдейтін әдіс деп есептемеймін. Ашығу алдын алу шарасы.

Ол біздің қан тамырларымыз қиналмай жүректі қоректендіріп тұру үшін оның тазалығын сақтауына жардемдеседі. Тамырлардың жүйесі арқылы, қан қоректік заттармен барлық ағзаны қамтамасыз етеді. Ағзадағы қан айналу тұрақты және біркелкі болуы керек. Егер қан айналымы ағзаның бір бөлігінде бір сәтке тоқтап қалса, онда алапат соққы аламыз. Бүкіл ағзаны бөгетсіз қоректендіру үшін, тамырлар таза болуы керек.

Қазір таза, иілгіш, серіппелі қан тамырлары бар 70-80 тіпті 90 жасқа келген еркек, әйелдерді сирек болса да табуға болады. Жастары ұлғайғандықтарына қарамай, олар жас, себебі олардың қан тамырлары қозгалғыш, серіппелі, тозбаған. Егер осы адамдардын ағзалары улардан таза, денсаулықтары жақсы болса, неге оларға әлі талай жылдар өмір сүрмеске?

Біз аңыздардан білеміз, бүкіл әлемдік топан судың алдында кейбір адамдардың 900 жыл өмір сүргендерін. Біз бұған күлеміз, олардың есептеулері басқаша болған деп. Біз осылай болмады деп қалай айта аламыз? Бәрі мүмкін, себебі осы адамдар өздерінің қан тамырларын тамаша қалыпта ұстау үшін, қалай өмір сүру, қалай тамақтану керектігін білді ғой. Қан тамырлары өзінің жұмысын дұрыс, жақсы атқарғанда бүкіл ағзаның жұмысы тепе теңдік қалпын сақтайды.

Біз айтамыз, адам қартайып бара жатыр деп, бұл бір нәрсені ғана білдіреді, ол өзінің қан тамырларын сақтау үшін қалай тамақтану, қалай өмір сүру керектігін білмейді. Қан тамырлары, қашан өзінің міндетін дұрыс атқармай бұзылганда, адамның денесінің бөліктеріне қан дұрыс бармагандықтан, адамдар аурушаң, ұмытшақ, әлсіз болады. Олар біртіндеп өледі, себебі онын денесі мен миына қан дұрыс бармайды.

Біз ашыққан уақытта, бүкіл өмірлік күш ағзанын ішкі тазалығын және қан тамырларын тазалауға жұмсалады. 10 таулік ашыққаннан кейін бүкіл дене жеңілдеп, ақыл ұшқырланып, есте сақтау қабілеті артады жане дене қимылына деген зор құлшыныс пайда болады. Біз ашығу, дұрыс тамақтану бағдарламасы арқылы қан тамырларын тазалап, өз жүрегіміздің өмірін ұзартуымыз кажет деп ойлаймын. Егер денсаулық үшін айқаста жеңімпаз болғымыз келсе, өзіміздің қан тамырларымызды өмірдің кілті деп санауымыз керек.

Күнде майлы ет жей берсеңіз, сіз оз ағзанызда уларды шоғырландыра бересіз. Есеп айырысуға тура келеді. Ағза майды аз ғана тілейді, біз майлы тамақты күнделікті көп қолданамыз, ол болса жүрек-қан тамырлары ауруына әкеп соғады.

Ашығумен шұғылданатын адмдардың танертеңгі тамақты ішпе деуінің бір себебі осында. Сырт әлпетіне қарасан сау сияқты көрінетін, таңертен ет, жумыртқа, картофель, кілегей, кофе ішетін көптеген ер, әйелдерді білемін. Сыртынан сау сияқты көрінетін осы адамдардың жүрек ауруының құрбаны болып, біреулері молаға, енді біреулері өмірлік кембағал болып қалгандарын да білемін. Сіз өз ағзаңыздың физиологиясын білмегендіктен, осылай тамақтану керек деп ойлайсыз. Тамақ ішу – ләззатанудан да теренірек ілім.

Сұрақ: – Адамның тәбеті жоғалуын қалай түсіндірер едіңіз? Қандай себептері бар?

Жауап: – Асқазан ауруларының  өзгеріс атаулыны қорқып, үркіп жаналық нарсені игеруге қабылдауға кабілетсіздігінен. Бұның себептері әртүрлі. Соның біреуі – түңілу (апатия). Мақсат жоқ болғанда адам бәрінен түңіліп кетеді. Осынын салдарынан көптеген аурулардың туындауы мүмкін. Мынаны тусінуіміз керек, біздің ағзамызда басты екі бағыт бар: өмір сүруге жане өлуге деген калау. Адам жанының үш сапасы бар: мәңгілік, білім жане бақыт немесе ләззаттану. Мәңгілік – біздін жанымыздың ерекшелігі, біздің табиғатымыз, біздің өлгіміз келмейді. Бірақ тәннің табиғаты пәнилік (материалдық) болғаннан кейін оның сапасы да басқа, сондықтан тәнде өлуге деген қалау болады. Мысалы: адам өмірден түңіліп кетсе тәбеті жоғалып, онын ағзасы біртіндеп өше бастайды. Бұны әсіресе қарт адамдардан байқауға болады.

Адам қатты ашуланса, өзін-өзі дұрыс ұстай алмаса да тәбеті жоғалады. Сондай-ақ мазасыздық, жалқаулық пен қорқыныш та адамның тәбетін бұзады. Осыған керісінше тойымсыздық, ашкөздік, көре алмаушылық адамның аранын ашып жібереді, адам мешкей болып кетуі де мүмкін. Басқаша қара жұмыс істегенде және терең ақыл-ой жұмысын істегенде де адамның тәбеті ашылуы мүмкін.

Адам қайғырғанда қуат белгілі мөлшерде кеміп оның ащы жегісі келеді, ал жәбірленгенде қышқылды аңсайды. Егер адам үнемі дем алмай шиыршық атып жүрсе тұзды дәмді, ал ақыл-ой жұмысын істесе жұмсақ дәмді іздейді.

Адам шектен тыс аямшақ болса майлы тамақпен, үнемі ауыр жұмыс істесе тұрпайы тамақпен тамақтанады. Егер өмірдің талқысына түсіп кетсе, іші құрғап кеткендіктен қуырған тамақты, ал өмірде қуанышты сәттер жетіспесе тәтті тағамдарды жақсы көреді. Сондықтан да дұрыс тамақтану үшін, тамақ құрамында дәмнің бәрі де болу қажет.

Сурак: – Кан кысымынын жогарлауынын себептері не? Осыдан жазылу жолдары калай?

Жауап: – Кан кысымынын артуы: бастан шыкпай, абден мезі еткен ой – сезімнен. Кан кысымынын жогарлауынын ен бірінші себебі – туйыкталу. Адаммен араласпай, адам баласын жактырмай, озінмен-озін болып туйыкталып алсан куатын ішке жинала береді. Бул тандегі назік омірлік ауанын ауруы.

Адетте кан кысымы жогары адамдар ауаны ауыр шыгарады. Куат кірген кезде тыныс алулары женіл болады, ал тыныс шыгарулары ауыр. Бунын себебі, адам керемет бірдеме істегісі келеді, бірак кім ушін екенін білмейді. Ол тек озі ушін гана жасайды.

Егер адам суйіспеншілікпен біреу ушін енбек етсе, онда онын назік денесінін куші мен акылы коршаган ортамен араласып уйлесімділік табады. Егер адам барін оз басынын пайдасы ушін істей берсе, мундай жагдайда куат далага шыга алмай, іште шогырланып жинала бере кан кысымы ауруына ушыратады. Адам коршагандарга ашылган уакытта, онын кан кысымы бірден туседі. Буны карапайым салкын душ кабылдап, суда жузіп малтумен жане барлык тіршілік иелеріне шын конілінмен бакыт, саттілік тілеп те жазып алуга болады.

Сурак: – Кан кысымымыз неге туседі?

Жауап: – Кан кысымынын кемуі – саби шактагы аялап, еміренудін кемістігінен. Бар умітін кесілгендей куйзеліп торыгудан. Кан кысымынын тусу себептері – омірден тунілу, уайым, салын суга кету, сенімсіздік, жалкаулык, максат жоктык, алсіреу, тазалыктын болмауы, настык.

Настык дегеніміз ішіннін де, сыртыннын да кірлеуі. Бул адамды сенімінен айырады. Егер озініз туралы жаман пікір естісеніз журегін кірленеді. «Журегін» деп айтатыным – біздін назік денелеріміздін орталыгы журекте орналаскан. Жан журекте орналаскандыктан, журектін адам оміріндегі орнын жогары багалап, оган коптеген аныктамалар береді. Мысалы: ыстык журек, сорлы журек, муз журек, ауру журек, жылы журек, ынталы журек, ызалы журек, асау журек, ет журек, жас журек, шошыган журек, шын журек, сум журек, ак журек, капаланган журек, айнымас журек, жаралы журек, сонген журек. Карасаныз кандай болмасын олен журек туралы гана айтады, ал баска мушелер туралы акындар да жырламайды.

Сурак: – Уйкысыздыкты калай тусіндіресіз?

Жауап: – Уйкысыздык: коркыныштын, катты ширыгудын, катты аямшактыктын, коре алмаушылыктын, кінамшылдыктын, кек сактаудын, ызакорлыктын салдары. Уйыктау кабілеті – акылдын жумысы, осынын себебін уйкысыздык ауруына шалдыккан адам білмейді. Егер адам катты ширыгып турса, онда уйкысы бузылады. Уйыктауга уйрену ушін, алдымен канагаттануга уйрену кажет. Адам озінін аякталмай жаткан ісін бітірсе, біреуге берген уадесін орындаса, не істесе де шын конілімен суйіспеншілікпен істеп, конілі жай тауып, ешкімге карыз болмаганда гана канагаттанады.

Біреуге карыз сиякты сезіну, екінші адаммен арадагы карым-катынастын нашарлыгын корсетеді, ал бул оз кезегінде акылын мазасыздандырады. Егер біреу біздін акылымыздан устап турса ширыгамыз, ал босаткан уакытта акылымыз мамыражай калыпка туседі. Адам суйіспеншілікпен енбек етсе, онда онын акылы сабырлы, мамыражай калыпка автоматты турде енеді.

Сурак: – Аяктагы кан тамырлары неге кениді?

Жауап: – Кок тамырдын кенеюі (варикзное расширение вен) – оз мумкіндігіннен томен, шарасыз куйде жургендей сезінуден. Себебі жалкаулык. Жас келіншектер сабилі болганнан кейін толык канды омір суре бастайды. Бірак, озін-озі босансытып жібергеннен кейін кан тамыр жуйесі бузылады. Сондай-ак жас келіншек босанганда аяк кан тамырлары бундай кысымды котере алмай кеніп кетеді. Сонан кейін адам жонді дем алуды білмейді. Осыдан жазылу ушін дем алуды уйренуі керек. Сонымен катар жас келіншектер жалкаулыкка жендірмей, каркынды омір суріп, тынымсыз болулары кажет.

Сурак: – Аллергия калай пайда болады?

Жауап: – Аллергия – манайдагы нарселерді, заттарды жактырмаудан. Катты мазасызданудан, келіспеушіліктен пайда болады. Осы кезде сезімталдыгыныз оршіп, куанышыныз азайып, сіркеніз су котермейді. Аллергия – ботен тулгамен, озініздін турпайы дененіз бен назік денелердініздін соктыгысуы.

Соктыгысатын себебіміз, оларды жактырмаймыз. Жактырмайтын себебіміз, куаныштын жоктыгы мен озімшілдігімізден. Аллергия аса катты ширыканнан да болады. Адам мол табыс табуга умтылып, шектен тыс жумыс істесе ширыгып, киналып кетеді. Адамнын коп молшылык пен бакытка жетуі – айналамызга кандай пайда акелуімізге байланысты. Табыс – біз суйіспеншілікпен, бакытты, куанышты жагдайда гана енбектенгенде келеді.

Шектен тыс каталдык та аллергияны туындатады. Біреуге каталдык, канпезерлікпен карасаныз, ол да сізге солай карайды. Канпезерлік пен каталдык корганыс (имунитет) кабілетін томендетіп неше турлі инфекциялык аурулардын себебі болады.

Сурак: – Есте сактау кабілетінен, зердесінен (амнезия) айырылудын себептері?

Жауап: – Амнезия (еске сактау кабілетінен айырылу) – унемі кателесіп, окініп, опынудан. Адамнын зердесінін томендеуі каталдык пен ызакорлыктан туындайды. Оте озімшіл жан, кандай жолмен болмасын біреулер аркылы лаззаттанса откен окигаларды умытып, озінде бар пайдалы акпараттардан айырылады.

Дорекілік те адамнын есте сактау кабілетін томендетеді. Адам омірдін шындыгынан коркып кашканда да зерде азаяды. Осы кезде адам артык акпараттан саналы турде жасканады. Рухани жалкаулык та зердені нашарлатады. Осы кезде адамга ішкі даусы не істеу керектігін айтып турса да пенде оны тындамайды. Егер осы кезде адам ішкі даусын тындап жаксылыкка бет бурмаса, болашакта осы коркыныштын карама-кайшылыктарынан адам жаманшылыкка ушырайды. Озінін намысын коргай алмау да зердеден айырылудын себебі.

Адам озінен туніліп, баріне бей-жай болганда озінін намысын аякка таптатады. Озінін намысын аякка таптатпау озімшілдік емес. Аділдік ушін куресу, жагаласу кажет. Осы кезде ешкімге де ол жамандык ойламайды, тек ар нарсені рет-ретімен орнына кояды. Егер адам озінін намысы ушін куресе алмаса «буга берсен, суга береді»-нін кері болады. Жалкаулык та зерденін жогалуына жетелейді. Адам еріншектігінен есіне сактагысы келмейді. Артык ширыгу да зердеге кері асер етеді. Адам бакытты шактарында гана бірденені есіне жаксы сактап кала алады.

Егер адам істегісі келмейтін нарсені істесе, бул табигатына жат, сондыктан осыны істемеу керек. Айтпесе есіне сактау кабілетінен айрылады. Аямшактык, ашкоздік, тойымсыздык та есті жогалтады, себебі ес-зерде баска максат ушін берілген. Бірдеме жасау ушін есімізге сактап аламыз. Озімізге унаса да зердемізге туйіп коямыз. Арсыздык та есті жогалтады. Арсыз адам озінін бас пайдасы ушін неге болмасын барады. Адам озінін откенде істеген жауыздыктары мен катігездіктерін есіне сактамайды, умытады жане есін жогалтады. Коргау агымы осылай жумыс істейді.

Сурак: – Жаман ісік (онкология) ауруларынын себептері?

Жауап: – Катерлі ісік – ішкі мазасыздыктан, біреуге окпелесен ешкашан умыта алмаудан, кешіре білмеуден. Катігездік пен канпезерліктен, жаман адеттерден, откен омірлеріндегі жаман кылыктарыннан: кісі олтіру, зорлык-зомбылык жасау т.б. Кобінесе откен омірінізбен байланысты болады. Бундай жагдай жиі болып турады, озініздін жулдызнаманыздан (гороскоп) да коруге болады, себебі осы аурумен ауырасыз ба, ауырмайсыз ба сіздін тагдырынызга жазылып койган.

Сурак: – Сокыр ішек (аппендицит) дегеніміз не?

Жауап: – Адамга еркіндік бармеген уакытта сокыр ішегі ауырады. Ауру коркыныштан, психикасы ширыгудан, зорыгудан, шешімсіздіктен туындайды. Бул ауру кобінесе жас балаларда болады, себебі баланын еркіндігін шектен тыс шектеп тастаймыз. Осындай жагдайларда ішек запа шегеді, себебі, ол іс-арекеттін мушесі. Егер адам бос белбеу ынжык болса, осыган сайкес онын ішегі де бос, былбыр болады. Егер адам озінін іс-арекетінде ширыгып журсе, осыган сайкес онын ішегі де ширыгып турады. Егер адамнын іс-арекетін унемі туншыктырып ауыздыктай берсе сокыр ішегі кабынып ауырады. Бул асіресе жас балаларда жиі кездеседі, сондыктан да ата-аналардын осыны білулері шарт.

Сурак: – Сусамыр (сахарный диабет) калай туындайды?

Жауап: – Окпелегіштіктен, коршаган ортага канпезерлікпен караганнан, жек корушіліктен, тым сезімталдыктан жане мінезінін алсіздіктерінен туындайды.

Сурак: – Тері ауруларынын себептері неден?

Жауап: – Ішкі жане сырткы тазалыктын, кайырымдылык пен назіктіктін болмауынан, мазасызданудан туындайды. Тазалык ішкі ягни ойлау жуйен жане сырткы болады. Ішкі ойыннын ластануы мен сырткы танінді нас басуынан тері ауруларына шалдыгады.

Сурак: – Маскунемдік дегеніміз не, онын себептері?

Жауап: – Маскунемдік – адамнын дарменсіздігі жанына тыныштык бермеуден, озін алсіз, кажетсіз сезінуден. Адам калай лаззат алу керек екенін білмейді. Онын уш жолы бар.

Біріншісі: адам суйіспеншілікпен куана енбек етіп, озінін жетілу жолын білім аркылы жетілдіре тусу.

Екінші жолы – «кумар» ойындар, енбексіз, алдаумен келген устіртін бакыт.

Ушіншісі – біреудін бакытсыздыгына куану. Осылардын ішінде, бірінші бакыт – нагыз бакыт, ен турактысы.

Екінші бакыт – тураксыз бакыт.

Ушінші турі тек кана зардап акеледі.

Екінші жане ушінші турінен лаззат алгысы келетін адам іше бастайды. Ішу – озіннін сананды лаззатка айырбастау. Адам акымактыгынан да ішеді, баскалар ішкеннен кейін ол да ішеді. Адам озіне дурыс максат коймай, ісі онбегеннен кейін маскунемдікке салына бастайды. Озін-озі тануга умтылган адамда кудер узу деген болмайды.

Отірік айта берген де адамнын баска жол таба алмагандыктан ішімдік ішкісі келеді. Адам біреуді алдаган кезде, онын айналасына да озі сиякты алаяктар жинала бастайды. Назік денесінен барі корініп тургандыктан бундай адамга ешкім де сенбейтін болады. Озінен барінін теріс айналып, бакыт козі жогалганын сезеді, себебі бакыттын озі де баскалар аркылы келеді.

Ашкоздіктен туындайтын жалгыздык сезімінен кейін де адам ішімдікке ауес бола бастайды. Біреуге беріп, осімкорлыкпен еселеп пайда табам деген адам да сонында жалгыз калады. Кіналы болу сезімі де ішкілікке кумар кылады. Осыдан кутылудын жолы Жаратушыга жалбарынып озіннін ой пигылынды озгертіп, ашыгу аркылы танін мен жанынды тазалау.

Сурак: – Калай арыктауга болады?

Жауап: – Сіз аркашан ашыккан кезде, тамак ішетін сатті жіберіп алмай, жадынызда ойша сактап журініз. Егер сіз жігерлі адам болсаныз, ашыгуды омірініздін ажырамас болшегіне айландырасыз. Артык салмак сізді ауру, алсіз, мезгілсіз картайтуга акелуіне жол берменіз. Оз дененіздін иесі болып, семіруіне жол берменіз.

Озінізге багдарлама жасап алыныз, біракта бір аптанын ішінде арыктаймын деп ойламаныз. Калыпты салмакка келу ушін уакыт керек. Калыпка келіп, сымбатты да адемі болганда озінізді-озініз мактан тутыныз. Кімнін болса да, озін тамаша сергек, конілді сезінгенінде, озі ушін мактангысы келеді. Осылай болу ушін енбектену керек! Ашыгу, озінді озін тежеу, дурыс тамактану – міне денсаулыктын отемі.

Озініздін салмагынызга, карнынызга, боксенізге, колдарынызга унемі назар аударып журініз. Осы кітапты мукият, ыждагаттылыкпен окып шыгып, арыктагыныз келсе колданыныз. Ашыгу мерзімін аныктагыныз келсе дарігермен акылдасыныз. Багдарлама жасалганнан кейін, сіз жаксы натижеге жетем деп озінізді иландырыныз. Сананыздын илануы денсаулыкты тузетуде манызды орын алады. Ашыгу онай емес, арыктау да киын. Тек сананыз иланып, дурыс арекет жасаганда гана, сіз коздеген натижеге жетесіз. Бугіннен бастаныз.

Сурак: – Омірлік куштін міндеті не?

Жауап: – Омірлік куштін міндеті, ас корту агымында пайда болган улардан арылтатын куатпен агзаны камтамасыз ету жане денеде біркалыпты 36,6 Цельсия бойынша температураны устап туру (ыстыгымыз котерілсе де, томендесе де ауырамыз). Біздін казіргі оркениетті алемімізде, адамнын озі жасаган жане баска да улардын барі – омірлік куштін жаулары, омірлік куш осылардын барін женуі кажет.

Сурак: – Салауатты омір салтына калай кошуге болады?

Жауап: – Ашыгу мен табиги тамактарды, табиги адеттерді колданудын аркасында, арбір адам озінін омірін сау, салауатты кыла алады. Тазалану – агзанын озі гана орындай алатын ішкі биологиялык міндет, ашыгу аркылы осы жумыстарды жандандыра тусесіз. Табигат унемі сізді негурлым сау, оміршен болуга итермелейді, сондыктан озін-озі тазалау кезінде болатын келенсіздікте не істеу керектігін озі біледі. Табигаттын жетегіне журініз, ол сізді еш уакытта орта жолга тастамайды. Ал ашыгу мен дурыс тамак мазірі аса керемет комекші.

Мен темекіге, аракка т.б. тауелді болып, жар басынан кулауга шак калган талай адамдарды мысалга келтіре аламын. Осы адамдар ашыгудын комегіне жугінді, ал ашыгу гажайып жасады. Темекі, арак, шай, кофе ішу адетінен кутылгысы келсе, озінін маселелерін карапайым ашыгу жолымен шеше алады. Тан тазаланган уакытта уды кабылдамайды. Таза, дені сау, мамыражай дене уларды аркашанда ысырып тастайды. Ашыгу – улы заттардын кандайына болмасын тойтарыс беретін, агзаны тазалаудын улы адісі.

Сурак: – Табигат зандылыктарын калай тусінуге болады? Сактамаса не болады?

Жауап: – Соз жок, копшілік адамдар ата-бабасынан жалгаскан тамаша денсаулыкпен тукым куалайды. Олар табигат зандылыктарына кобінесе куле карайды, осы зандылыктын оларга катысы жок деп ойлайды. Бірак есеп айырысу кайтсе де болады. Табигат озінін тазалау жумысын, ягни агзадан зиянды калдыктарды шыгара бастаганда, осы есеп айырысу куні басталады. Олар бір-ак кунде буралып ауруханадан шыгып жатты. Маган сенініз, осы тумысынан, табигатынан дені сау, алдында турганын талгамай ішіп жейтін, темекі шегіп, таулігіне 18 сагат жумыс істегенде былк етпейтін адамдардын талайын кордім жане олардын ауруханада азап шегіп киналгандарын коріп те журмін. Ащы акикатты айту киын, біракта осы денсаулыгы зор болган адамдарды мезгілсіз ажал кутіп тур. Осы кунделік кітапты окып отырган озініз, табигат озінін улану агымымен урып жыкканын кутуге тиіс емессіз. Ен дурысы, агзанызга саналы турде физиологиялык демалыс бере отырып, озін-озі тазалауга мумкіншілік беру. Жиналып шогырланган улардан агзаныздын арылуына мумкіндік берініз. Казіргі курделі оркенниетті даму, бізге улы заттарды узбей лакылдатып тогуде.

Асет Мукашбеков

8-кітап

МҰХТАР ӘУЕЗОВ

Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Туған жері бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы).

М.Әуезов үлкен өмірлік, шығармашылық жолдан өткен ұлы тұлға. Оның алғашқы жиырма жылғы жастық шағы өзінің сүйікті ақыны әрі рухани ұстазы болған Абайдың балалық, жастық, жігіттік кезеңін еске түсіреді. Кейін оның атақты эпопеясында жазғаны да сол дала, сондағы ауыл, сол қоғамдық орта. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Ол сол арқылы Абайдың өлеңдерін ауылдастырына оқып беретін дәрежеге жетеді. Бұдан кейін ол әуелі Семейдегі бес кластық орысша оқытатын училищені, содан соң сондағы мұғалімдік семинарияны тәмамдайды. Семинарияда жүріп өзінің тұңғыш шығармасы «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. Алашорда өкіметінің қызметіне белсене араласады. Алашорда таратылғаннан кейін бірыңғай білім жинауға бет бұрады. Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде, төрт жыл Ленинград университетінде оқып, филология факультетін бітіреді. Сол жылы Орта Азия университетінің Шығыс факультетінің жанындағы аспирантурада оқиды.

Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған. Сөйте жүре, үлкен дарын өзінің шығармашылық асқарына апаратын Абай тақырыбына қалам тартады. Үлкен жұмыстың алғашқы қарлығашы болып «Татьянаның қырдағы әні» келеді өмірге. Бұдан кейін жазушы Абай образын кең аумақта алып, бірнеше жанрда бейнелеуге кіріседі. Сөйтіп, «Абай» трагедиясы туады. Бұл ұлы ақынның образын сахнада тұңғыш бейнелеген шығарма болатын.

Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романдарын Мұхтар он бес жылға жуық жазады. Жазушының өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады. Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету Мұхтар Әуезовтың шығармашылық жеңісі еді. Сол жеңісіне сай ол туған халқының құрметіне бөленді, өз заманының ең жоғары сыйлықтары КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықты иеленді.

1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы алып, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.

ҚАНЫШ СӘТБАЕВ

Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).

Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қ.Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да; мәдениет саласында да; тарихтан да қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді.

Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.

Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және маранец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды.

Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кенметаллургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (Сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.

СӘБИТ МҰҚАНОВ

Мұқанов Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жер.

Әке-шешеден жастай жетім қалып, балалық шағын ауқатты ағайындарына жалданып, қой бағумен өткізген Сәбит өзінің талаптануымен хат танығанымен, мұғалім алдын көріп, жүйелі білім ала алмайды. Тек он сегізге толғанда, Омск қаласына барып, мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік туады. Оны бітіргеннен кейін ауылға барып, біраз мұғалім болады. Осында ауылды кеңестендіру жұмысына белсене араласып, таптық күрестің Көкшетау облысындағы оперативтік өкілі және партияның Ақмола губкомының нұсқаушысы қызметін атқарады. Бұдан кейін 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны бітіріп шыққаннан соң, баспасөз орындарында жұмыс істейді.

Жастайынан халық арасында жиі айтылатын жыр дастандарды жаттап, өзі де ауызша, жазбаша өлең шығарып талаптанып жүрген Сәбит осы кезден бастап, шығармашылыққа шындап бет бұрады. Оның есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан «Сұлушаш» дастаны, «Адасқандар» романы осы кезде өмірге келді. Осыларға жалғаса жазылып, бірінен кейін бірі жарық көрген «Майға сәлем» (1933), «Сөз Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938) және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады.

Осы кезге дейін атқарған сан салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерлеудің басты кепілі терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатында жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды, Москвадағы Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне түсіп оны бітіреді. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болады, Қазақстан Жазушылар одағын басқарады. Бұл жылдары да ол өндіріп жазумен болды. Драматургия, сын, әдебиеттану салаларында ерекше еңбек етті. 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, әдебиет тарихы және ағартушы демократтар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды, халық поэзисының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты. Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды.

Жазушының шығармашылығында да, бүкіл қазақ прозасында да белгілі белес болған келелі туындысы кейіннен қайта өңделіп, «Ботагөз» деген атпен жарық көрген «Жұмбақ жалау» романы еді десе, оның саналы шығармашылық өмірін түгел дерлік қамтыған «Өмір мектебі» трилогиясы шын мәніндегі халық шежіресі болатын.

Ол халықтың арасынан шыққан халықтың сүйікті жазушысы болды. Оның қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, екі рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрметті белгісі» ордендерімен марапатталды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды.

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ

Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы (1902-1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы.

Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіріп, Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарады.

Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Осы кезде өзінің тырнақалды туындысы «Тулаған толқында» повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен « Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді.

Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.

Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады. Сөйтіп әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әрі әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды.

Сонау отызыншы жылдарда-ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері-Ақтоқты» пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсіріледі.

Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.

Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Мұстафин Ғабиден (1902-1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Туған жері қазіргі Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданындағы Жауыр тауының етегі.

Дін мектебіне беріліп, мұсылманша сауат ашқан Ғабиденді заман ағымының ағысын аңғарған әкесі он төрт жасында Спасск заводының табельшісі Мауқымның Жүсібі деген кісіден бір жыл орысша оқытады. Осы бір жыл зерек баланың келесі жылы осындағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түсуге мүкіндік береді. Бірақ төңкеріс тудырған аласапыран оған онда бір жылдан артық әрі оқуға мұрша бермей, ауылға қайтып келуге мәжбүр етеді. Осыдан тек арада жеті жылдай өткенде тұрмыс құрып, үйлі баранды болған жас жігіт білімін көтеру мақсатымен Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға келеді. Бірақ мұнда оқуға түсе алмай, өлкелік сотқа іс-қағаздарын тіркеуші болып орналасады. Осында жазушының өз тілімен атқанда, «газет оқуға ауызданады», қысқа хабарлар жаза бастайды. Жаңа танысы Сәит Мұқановқа еліктеп, әңгіме жазады. Ұзамай «Жыл құсы» журналында тырнақалды әңгімесі, араға жыл салып барып «Ер Шойын» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көреді. Бірте-бірте қаламы ұшталып, жазу машығына жаңа төселе келе әдеби ортамен араласып, сол кездегі дәстүрмен пікір таластарына қатысады. Әдебиет майданында үлкен қағажу көріп, жазғандары жарияланбай, бәрін тастап еріксіз ауылына кетуге мәжбүр болады. Сөйтіп ол Қарағандыға келіп, үш жыл қара жұмыс істейді. Сонда жүріп газет жұмысына араласып, әуелі «Қарағaнды пролетариаты», Новосибирь қаласында ашылған «Қызыл ту» газетінде қызмет істейді.

Бұл жылдары болашақ жазушы көркем әдебиеттен қол үзіп кеткенімен, журналистік жұмыс оның қаламын төселтіп, өмір тәжірибесін молайта түскен еді. Сондықтан да ол жаңа астана Алматыға, әдеби ортаға қайтып келгеннен кейін өңдіртіп жаза бастайды. «Өмір не өлім» атты алғашқы романы, колхоз совхоз сахналарына арналған шағын пьесалары жарық көрді.

Ғ. Мұстафин өзінің шығармашылық ұзақ жолында өндіріс тақырыбы мен ауыл шаруашылығы тақырыбын қатар қамтып, екі салада да өнімді еңбек еткен жазушы. Кезінде оқып, білім ала алмағанына қарамастан, өзінің тынымсыз ізденісі арқасында, орыс, қазақ жазушыларынан үйрену арқылы шеберлігін шыңдап, өзі айтқандай, «өмірдің алдын орауды» мақсат етеді. Соның нәтижесінде оның қаламынан туған шығармалар қазақ әдебиетіндегі сол тақырыпқа жазылған бірінші шығарма болып келеді. Оның өндіріс тақырыбына жазылған «Өмір не өлім», «Қарағанды» романдары да, ауылшаруашылығы тақырыбына жазылған «Шығанақ, «Миллионер» романдары да тап осындай шығармалар болатын. Ал «Дауылдан кейін» мен «Көз көрген» романдары жазушының өзі өмір сүрген дәуірінің деректі шежіресіне айналды.

Ақырын жүріп, анық басып, әділеттен айнымауды өз өмірінің шырағы етіп ұстанған ұлағатты қаламгердің әр шығармасы халқын рухани сусындатуға қызмет етті. Соған орай оны халқы да ардақтап, құрмет етті. Ол екі мәрте Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болды. Бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Екі Ленин, екі Еңбек Қызыл Ту және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды, Абай және Жамбыл аттарындағы Республикалық әдеби сыйлықтарды иеленді.

МАРҒҰЛАН ӘЛКЕЙ ХАҚАНҰЛЫ

Марғұлан Әлкей Хақанұлы (1904-1985) – қазақтың ғұлама ғалымы, Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, профессор. Туған жері қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы.

Өткен ғасырдың басында қазақ даласынан Ресей қалаларына барып, білім ала бастаған қазақ жастарының бірі болып Ленинград қаласына барған Әлкей Хақанұлы 1925-31 жылдар арасында осындағы Шығыс институтында, сонымен қатар Ленинград мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімінде оқиды, бұларға қоса Өнер тарихы институтында лекция тыңдайды. Осында оқып жүргенде ол КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған Қазақстан мен Алтайдың халықтарының тарихын зерттеу экспедицисына қатысып, адайлар мен наймандардың әдет-ғұрпын, тұрмысы мен өнерін зерттейді. Оқуын бітіріп келгеннен кейін Ә. Марғұлан Қазақстан Оқу Халық Комиссариатының жанындағы Жаңа алфавит комитетінде ғылыми қызметкер болады.

Туған халқының тарихына ден қойып, зерттеу жұмыстарын сонау Ленинградта оқып жүргенде-ақ бастаған Әлкей елге келгеннен кейін де осынау бейнеті мол, көп ізденіп, зерттеуді қажет ететін сауапты істі одан әрі жалғастырып, Оңтүстік Қазақстандағы Сыр, Шу, Талас өзендері бойында және көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарында түрлі қазба жұмыстарын жүргізеді. Содан жинаған материалдарының негізінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихына» деген монографиялық еңбек жазады. «Хандар жарлығының тарихи әлеуметтік мәні» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл көне қыпшақ тарихын зерттеудегі құнды ғылыми еңбек еді.

Осыдан бір жылдан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының археология секторының меңгерушісі болып тағайындалады.

Өзі қалап алған жұмыспен тікелей айналысуға мол мүмкіндік алған Әлкей Марғұлан енді Орталық Қазақстанды зерттеуге бет бұрады. Ұзақ жылғы зерттеу жұмысының нәтижесінде Ж.А.Ақышев, М.Қ.Қадырбаев, А.М.Оразбаевтармен бірігіп, Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты кітап жазуға қатысып, оның редакциясын басқарды. Бұл кітаптың құндылығы жоғары бағаланып, оның авторларына Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық беріледі.

Тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін ол бұрынғы зерттеу жұмысын одан әрі жалғастыра отырып, сонымен бірге Шоқан Уәлихановтың әдеби мұраларын жинастырып, оны бес том етіп шығарысуға басшылық етеді.

Ол қазақ халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірді. Оның қаламынан туған тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалар жарық көрді.

Әлкей Марғұланның ұзақ жылғы қоғамдық өмірдегі және ғылымдағы үлкен еңбегі жоғары бағаланып, ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ

Қастеев Әбілхан (1904-1973) – қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Туып өскен жері Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956). Еңбек жолын Түркісіб темір жол құрлысында жұмысшы болып бастады. Москвадағы көркем сурет студияларында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген.

Әбілхан қол өнеріне, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау бақсұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған «Қарындастың портреті», «Автопортрет» атты туындылары түпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік тынысына ден қойып, тарихи әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның «Мектепте» (1930), «Түркiсіб» (1932), «Жамбылдың портретi» (1937), «Ескі және жаңа тұрмыс» (1937-1941), «Амангелді сарбаздары» (1970), «Жас Абай» (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіре іспеттес.

Әбілхан туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткер. Оның «Биік таулы мұз айдын» (1954) , «Гүл ашқан алма» (1958), «Менің Отаным» (1959), «Жайлаудағы автодүкен» (1963), «Қапшағай ГЭС –І» (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аударады.

Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймайды, сонымен бірге, ол туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткер.

АХМЕТ ЖҰБАНОВ

Жұбанов Ахмет (1906-1968) – қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948). Туып өскен жері Алматы қаласы. Жас кезінде ауылдасы Талым күйшіден, ауыл мұғалімі Қ.Ашғалиевтен, әкесі Қуаннан, ағасы Құдайбергеннен тәлім алып, музыка өнеріне ден қояды. Темірде орыс халық аспаптар әуесқойлары оркестріне жетекшілік ететін (П.Черняктан сольфеджио, скрипка, музыка теориясы бойынша) сабақ алады. 1929 жылы Ленинградтың (Петербург) М.И.Глинка атындағы техникумында (А.А.Этигонның скрипка класы бойынша), консерваторияда (профессор Ф.А. Ниманның гобой класы бойынша, кейіннен музыка тарихы мен теориясы факультетінде) оқыған.

Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы. А.Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л.Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр қайрат көрсеткен тұлға. Өз кезіндегі музыкалық білім сатыларының бәрінен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қабілет пен ұлтжандылық сезімін дарытқан А.Қ.Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдыру үшін тыным таппастан жойдасыз еңбек етті. Бұл ретте, Ахмет Қуанұлы адам қабілетінің қандай құдіретті болатынын нақтылы да, нәтижелі істерімен көрсете алды. Алғашқы музыкалық әліппе, қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық сынақ шеберханасы, Ғылым академиясындағы өнертану секторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының музыка бөлімі, Қазақтың халық аспаптары оркестері, Қазақтың мемлекеттік филормониясы, Қазақ консерваториясы, ондағы халық аспаптары кафедрасы, Қазақтың музыкалық театры, қазақ музыкасы туралы оқу құралдары, міне осының бәрінің ұйытқысы А.Қ.Жұбанов болды. Мұның сыртында дирижерлік, ұстаздық, ғылыми зерттеушілік, қоғамдық, әсіресе шығармашылық жұмыстарының өзі сала сала болып, құнарлы арналарға ұласады.

А.Қ.Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңдай ән-күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң кәнігі әнші, күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдесіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін Ахмет Қуанұлының өзі көрсетіп отырды.

А.Қ. Жұбановтың ғалым, педагог, композитор, орындаушы және ұйымдастырушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлттың мәдени рухани шежіресіндегі ең көрнекті белестердің бірі болып қалады.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

Момышұлы Бауыржан (1910-1982) – екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені. Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.

1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, Бауыржан даңқты генерал майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.

Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман сау алып шығады. Москва түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.

Соғыстан кейін Бауыржан Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери педагогикалық жұмыспен айналысып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.

Бауыржан бірнеше орден, медальдермен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ

Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993 ) – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері.

Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіргенннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Москваның Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. Институтты ойдағыдай бітіріп, тау кен инженері мамандығын алған Д.Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері және оның директоры болып істейді.

Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Ленингор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау кен ісі саласының ірі ғалымы Д.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады.

Д.Қонаев 1955-60 және 1962-64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-62 және 1964-1986 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді.

Ол бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП ның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылдан бастап СОКП Орталық комитетінің мүшесі. Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ПРезидиумының мүшесі болды.

Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбестанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.

1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Д.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.

Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.

КҮЛӘШ БӘЙСЕЙІТОВА

Бәйсейітова Күләш (Гүлбаһрам) Жасынқызы (1912-1957) – қазақтың әйгілі әншісі (лирика-калоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық артисі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949). Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы.Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Оның бойындағы қабілеттің ұшталуына ән мен күйге жүйрік әкесі Жасынның да әсері зор болған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, мұндағы көркем-өнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының группасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді артистерінің қатарынан көріне бастайды. Ол аз уақыттың ішінде Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Н:В:Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафия Тохонованың, М.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Клаудияның, Қ.Бәйсейітов пен А.Шаниннің «Зәуресіндегі» Зәуре, М.Әуезовтың «Еңлік- Кебегіндегі» Еңліктің рольдерін ойнап, сахналық тамаша қабілетімен танылады. Образдардың табиғатын тап басып тану, ол танығанын өмірлік шынайы шеберлікпен жеткізе білу, әсіресе туа біткен әншілік қабілеті кейіпкер болмысын аша түсуі де Күләштің сахна өнері үшін жаралаған жан екенін әйгілей түседі. Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» (М.Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рольді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Мұнан әрі Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И.В.Коцыхтың «Шұғасындағы» – Шұға, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рольдер арқылы оның бойындағы әншілік-артистік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» , «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия алға», «А.А. Зильбердің «Бекет», И.Н. Надировтың «Терең көл», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж.Пучинидің «Чио-Чио-Сан», П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», А.Рубинштейннің «Демон» сияқты операларында басты рольдерде ойнап, басты вокальдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокальдық партиялар Күләштің көп қырлы, алауан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галериясы жасалды. Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.

МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВ

Төлебаев Мұқан (1913-1960) – қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі (1959), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949), Қазақстан Республикасы гимні авторларының бірі. Туып-өскен жері – Алматы облысының Бөрлітөбе ауданындағы Қарашыған ауылы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы. Орта мектеп бітірген соң Алматы педагогикалық училищесінде оқиды (1933). Осы кезде аудандық «Жұмысшы жастар» театрын ұйымдастырады. Алматыда өткен халық өнерпаздарының бүкіл қазақстандық 1- слетіне қатысып (1934), әнші ретінде көзге түседі. Москва консерваториясы жанынан ашылған Қазақ студиясына оқуға түседі (1936). Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін атқарады (1942-1944). Москва консерваториясын (Маяковский мен Ференнің композициясы класы бойынша) бітіріп шығады (1951). КСРО Композиторлар одағының мүшесі (1942). Қазақстан Композиторлар одағы басқарма мүшесі (1948). Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы (1956-1960). Мұқанның анасы Тәжібала мен туған нағашысы Апырбай ақындық, әншілік, күйшілік өнерімен төңірегіне танылған адамдар. Бұл болашақ композитордың өнерге жастайынан бейімделіп, бойындағы бұла дарынның қанаттануына себепші болған. Жалпы М. Төлебаев шығармаларындағы музыкалық – эпикалық үрдістің бел алып жататыны, оның ұдайы халық өнеріне табан тіреп, халықтың бай музыкалық қазынасынан шабыт алып отыратынын аңғартады. М.Төлебаев туындатқан опералардың, оркестрлік немесе вокальды-симфониялық шығармалардың, камералық-аспаптық пьесалардың, әндер мен романстардың қай-қайсысы да терең сезімталдығымен, музыкалық тілінің шыншылдығымен, өзіндік қолтаңбасымен дараланып отырады. Оның шығармаларының көркемдік қуаты тегеурінді, парасат-пайымы өрелі, көркемдік-идеялық бағыты айқын, ұлттық-төлтумалық бояуы қанық. М.Төлебаев қысқа ғана ғұмырында жүзден астам музыкалық шығармалар туындатып үлгерген. Бұлардың ішінде опералық, контаталық-ораториялық және ән-романстық шығармалары айрықша ден қойдырады. Әсіресе, «Біржан-Сара» операсы оның композиторлық дарынының шырқау шыңы ғана емес, сонымен бірге қазақтың ХХ ғасырдағы музыкалық мәдениетінің ең көрнекті табыыстарының бірі. «Біржан-Сара» операсы өзінің полифониялық болмысына қарамастан, ұлттық нәрі құнарлы туынды. Нағыз өнердің табиғатына тән төлтумалық «Біржан-Сара» операсының өнбойынан айқын аңғарылып отырады. М.Төлебаев қазақтың кәсіпқой музыкалық мәдениетін қалыптастырып, орнықтырушы хас дарындардың бірі.

ШӘКЕН АЙМАНОВ

Айманов Шәкен Кенжетайұлы (1914-1970) – қазақтың әйгілі әртісі, режиссер. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Орта мектеп бітірген соң (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Осы кезден бастап театр өнерімен әуестеніп, 1933 жылы Қазақ драма театрының құрамына алынады. Осы театр сахнасында жиырма жылдай еңбек етіп, әртістік шығармашылығын шыңдады. Театрдың бас режиссері болды /1951/. 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етті.

Шәкен аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі. Ол М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім («Абай»), Алдар Көсе, Исатай (Жансүгіров, «Исатай Махамбет») бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, «Асауға тұсау»), Уәлиханов және Тихон (Островский, «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Сатин (Горький, «Шыңырауда»), Шадрин (Погодин, «Мылтықты адам»), Кидд (Лавренев, «Америка дауысы»), Бетт (Дж. Гоу мен А.Дюссо, «Терең тамырлар»), Хлестаков (Гоголь, «Ревизор»), Кривенко (Чирсков, «Жеңімпаздар»), Гельпак (Ф.Вольф, «Профессор Мамлок») бейнелерін сомдады. Ш.Айманов қойған «Абай» спектакліне 1952 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Ш.Айманов актер ретінде алдымен кейіпкерінің жан дүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды әрекет қимылдар жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік идеялық мазмұнын дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой толғам жасауға айрықша мән бере білетін дарынды суреткер. Шәкен кино саласында да осы ұстанымдарын шебер пайдалана білді. Оның «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Дала қызы» (1954), «Біздің сүйікті дәрігер» (1958), «Алдар Көсе» (1965), «Туған жер» (1967), «Атаманның ақыры» (1970) фильмдері қазақ кино өнеріне көркемдік төлтумалық дарытқан өміршең туындылар.

НҰРҒИСА ТІЛЕНДІҰЛЫ

Тілендіұлы Нұрғиса (1925-1998) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Туып өскен жері Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырақ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі. Москваның П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін (проф. Н.П. Аносовың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай-ақ, 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның халық әртісі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Н.Тілендіұлына 1998 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет т.б. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасын айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған М.әуезовтың, Ш.Аймонвтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасын мен экран өнерінің классикасына айналған.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырып салмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл ретте, Нұрғиса сахараның ақбас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті.

Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, сал-серілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Мақатаев Мұқағали Сүлейменұлы (1931-1976) – қазақтың әйгілі ақыны. Туған жері Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Шалкөде ауылы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Балалық бал дәурені соғыста қаза болып, анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды өзі асырап жеткізген. Орта мектепті интернатта жатып бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») 1963-1965, «Жұлдыз» (1965-1972) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973) қызмет атқарады.

Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.

Мұқағали аударма саласында да өзіндік шеберлік шалымымен толымды еңбектер тындыра алды. Ол Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Біртуар дара дарын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

7-кітап

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – Алтынсарин Ыбырай (Ибраһим, 1841-1889) – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Қостанай ауданы, Аққарағай. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі (1850). Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді. Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке – тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес. Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық – саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.

 ҚОРАМСАҰЛЫ АҚАН СЕРІ – Қорамсаұлы Ақан сері (Ақжігіт, 1843-1913) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туып-өскен жері – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңы. Топырақ бұйырған жері Айыртау ауданындағы Бұлақ басы, Құлагер құдығы, Құлагердің ақ шарбағы деген жерлер. Шыққан тегі – Арғын ішіндегі Қарауыл руы. Әкесі Қорамса, шешесі Жаңыл қарапайым шаруа адамдары болған. Алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашып, содан кейін Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) медресесінде оқыған (1856-1859). Мұнан кейін өз ауылына қайтып оралып, өнер жолына бір жола өмірін арнаған. Халық Ақаңның бойындағы қайталанбас биік өнерді жоғары бағалап, оның сұлу сырлы өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін арнаған бекзаттығын қадірлеп, «Ақан сері» деп атаған. Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақын өмірінде – өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», « Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтоқтыға арналған. Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір салтын оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алай көк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-қ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махаббаттың жарқын айғағы.

Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айрықша ықпал еткен.

 ДҮКЕНҰЛЫ ЫҚЫЛАС – Дүкенұлы Ықылас (1843-1916) – қазақтың әйгілі күйші қобызшысы. Туып өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы, Мұңлы Қулы тауларының етегі. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің бойындағы Қуарал деген жер. Шыққан тегі Кіші жүз Жетіру ішіндегі Тама руынан, оның ішінде Жөгі бұтағынан.Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор. Ықыластың әкесі Дүкен де, оның әкесі Алтын да қобызшы болған. Алтын қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз: «Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып, желеп жебейтін болады!» деп аян береді деген шежіре сөз бар. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да көшелі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере шөберелері қазір Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы бұл күнде Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы. Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқар», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық әлеуметтік көріністері бейнеленсе, «Қабар Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз әңгімелер, қиял ғажайып оқиғалар арқау болған. Осы күйлердің қай қайсысы да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасын, адамгершілік үнін айқын аңғартады. Ықыластың күйшілік дәстүрінің жығасын қисайтпай жалғастырған төл шәкірттері Бекмағамбетұлы Ашай, Тоқтамысұлы Әбікей, Әлиев Сүгір және өзінің бел баласы Түсіпбек болған. Бұлардан тікелей тәлім алған белгілі қобызшы домбырашылар Мықтыбаев Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Ал, Дәулет пен Жаппастың төл шәкірттері Үмбетбаев Сматай, Қосбасаров Базархан. Көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздап, қадау-қадау өнерпаздардың қол жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз өнері қазір арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып, өресін биіктетіп, халқын қоңыр үніне ұйытуда.

ҚҰНАНБАЙҰЛЫ АБАЙ (ИБРАҺИМ) – Құнанбайұлы Абай (1845-1904) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты Ибраһим. Туған жері бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайы. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.

Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үіт етеді. Сондықтан да ол абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.

Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі – өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі – өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік – шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның экономикасы мен ой-пікірінің прогресшіл бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану процесінде екі элементтің – сезім мен логиканың , түйсік пен ақылдың қатынасын мойындайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы – экожүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тезіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар қазақ халқының бойындағы туа біткен биогенетикалық қасиеті емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, қазақ бойынан Абай көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашылады.

1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан өледі. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахман қайтыс болады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті – Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ – Жабаев Жамбыл (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық–жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М.Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалпына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді. Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші-ақындардың келуі, Таластан – Жалайыр Түбектің келуі, оңтүстіктен – Макөт пен Майлықожаның келуі, ту-у Атыраудан – Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді. Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзіндеақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйімбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал–құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл-көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырып салмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды. Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар – үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады. Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз, жырау, әрі жауынгер, жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» – деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді. Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.

ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ ҚАЗАНҒАП – Тілепбергенұлы Қазанғап (1854-1927) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері – сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі – Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі – Шанышқылы. Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, Мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дархан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады. Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген. Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә-бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын. Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-ақ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім – түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада – Төреш, Бесқалада – Орынбай, Құрманияз, Орынборда – Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегін армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады. Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады. Алайда, жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға келе алмайды. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» – деп, ашық мінезбен ағынан жарылады. Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы, шабыт тұғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклі қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады. Жалпы, Қазанғап эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып «Жұртта қалған», «Окоп» деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп «Қызыл керуен» деп бебеулейді. Ал, «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Кекіл» сияқты күйлері өмірдің мәні мен сәні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады. Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны да ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп аныған жөн.

ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ШӘКӘРІМ – Құдайбердіұлы Шәкәрім (1858- 1931) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өмірге белсене араласып, адамгершілік, ағартушылық идеяларды уағыздаған қазақтың ұлы ақыны. Ол сондай ақ прозашы, аудармашы, тарихшы және философ. Кейбір деректерде оның есімін «Шаһкәрім» деп те көрсетеді. Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған.

Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады. Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, Молда сабағынан басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.

НҰРПЕЙІС КЕЛІНІ ДИНА – Нұрпейіс келіні Дина (1861-1955) – қазақтың әйгілі күйші композиторы. Туып өскен жері Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жер. Топырақ Алматы қаласынан бұйырған. Қазақстанның халық әртісі (1944). Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып, 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады.

Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақытты болып қойған жоқ, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды.

Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында.

Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған. Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа» ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынан арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» («Набор») күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетумен бірге, өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестірді.

Дина Кеңес заманында да өзінің арман аңсарын, үміт тілегін халқының жолына бағыштап өтті. Жасының ұлғайғанына қарамастан Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды. Рас, қоғамның репрессиялық қаталдығы тудырған жағымсыз саясат пен желбуаз идеология Динаның бұла дарынын қақпайлап бақты. Оны төлтума арқасынан (шабытынан) айырып, әсіре ұраншылдықтың қолжаулығы етпек болды. Ол шығарған күйлерге «Еңбек ері», «Сауыншы», «Сталин», «Делегат», «Көкөніс» деп ат қойып, алаулатып жалаулатып, ресми салтанаттардың ұран күйіне айналдырды.

Алайда, шын асылды тот баспайды. Динаның қанатты өнері халқының рухани асыл қазынасы ретінде бүгін мен болашаққа қызмет көрсете бермек.

БАЙМЫРЗАҰЛЫ БАЛУАН ШОЛАҚ – Баймырзаұлы Балуан Шолақ (1864-1916) – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты Нұрмағанбет. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, атығай, қарауыл руларының арасында өткен. Балуанның әкесі Баймырза қара күшке мықты болмағанмен, өз төңірегіне танымал ағаш шебері болыпты. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді. «Алып анадан» деген ғой, Балуан Шолақ та осы анасына тартып, теңдессіз алып күштің иесі болған. Балуан Шолақ бала кезінде ақ балуандықпен аты шығып, ел ішіндегі жиын тойға қатысып жүреді. Цирк ойыншыларының ат үсті ойынын көріп, өзі де соларға еліктеп, ат үстінде тік тұрып шабу, ерге төбесімен тұрып шабу, шауып келе жатқан аттың бауырының астынан өтіп, ерге қайта түзеліп отыру секілді сан түрлі күрделі қимылдарды өзі де жасап, көпшілікке өнер көрсетеді. Мұның үстіне әнкүйге деген құштарлығы ерте оянып, Біржан сал, Ақан серінің әндерін бабына келтіріп, тамылжыта орындайтын болады. Бойына бірнеше өнерді жинаған дарынды жас бертін келе қасына өзіндей өнерпаз жастарды жинап, ойын сауық жасайды. Ел аралап, небір өнерпаздармен танысады. Әндерін өзі сүйіп орындайтын Арқа сазгерлерінің әншілік шығармашылық дәстүрін берік ұстанып, енді өзі де ән шығара бастайды. Ол шығарған «Көкшетау», «Желдірме», «Ащылы айырық», «Дікілдек», «Қос перне», «Құлан кісінес» әндері Арқа өңіріне кеңінен тарап, көпшіліктің сүйіп тыңдар әніне айналады. Оның әндерінің әуеніндегі батылдық, өршіл мінез Балуан Шолақтың өзінің шамадан тыс қайрат күшін байқатып тұратындай тым жігерлі болып кетеді. Балуан Шолақтың атын алысқа жайған атақты әнінің бірі «Ғалия». Бұл мөлдір махаббатты сазды әуен, нәзік сезіммен жырлаған ғашықтар әні. Музыка зерттеушілері бұл әнді Балуан Шолақ шығармашылығының шырқау биігі деп бағалайды. Өмірінің соңғы кезінде Жетісуға арнайы атажұртын іздеп барып, ондағы ағайын туыстарымен танысып қайтады. Осы сапарында Арқаның көптеген әндерін Жетісуға жеткізеді. Белгілі музыка зерттеушісі А.В.Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді. Сан өнерімен халқын риза етіп, Сарыарқасын сазды әуенімен тербеткен, заманының айтулы сал серісінің бірі болған Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы өзінің өскен өңірі Өзектісайда қайтыс болады.

БӨКЕЙХАНОВ ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ – Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.

Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.

Оқуын бітіріп, Омбыға орaлғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.

XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады.

1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.

Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен өлім жазасына кеседі.

Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармагы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АХМЕТ – Байтұрсынұлы Ахмет (1873-1937) – қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, түріктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет жинаушы һәм зерттеуші, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). Батырлықты, билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып, өскен Ахметтің тәрбиесі мал бағып, күйбің тірлік кешкен өзге қазақы ортадан бөлектеу еді. Әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу – атадан балаға қалған мұра секілді қасиет еді мұнда. Әділеттің ісін тізіп, әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ, әкесі Байтұрсынның параға сатылып, аулына қиянат жасаған Торғай уезінің начальнигі, «кәрі ояз» атанған Яковлевті сабап, басын жаруы да сол қасиеттің құдіреті болатын. Осы қасиет Ахметті де өз ортасынан суырып алып, күрес жолына салды. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көрнеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп, біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. Бар оқығаны: ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, «өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды…, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» (С. Сейфуллин). Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті – мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады. Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі – өнегеге көрсетті, Ол өзі атқарған үлкенді–кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәрін-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов). Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғысын жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.

ТЫНЫШБАЕВ МҰХАММЕДЖАН – Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Туған жері – бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданы. Оқып, білім алу үшін уез бастығының тізіміне қазақтың кедейі түгіл, бай баласының ілуде, біреуі зорға ілігетін сол бір қиын кезде кедей шаруа Тынышбайдың баласының Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді. Тағдыры тартқан тосын сыйдың мәні «балам оқып, білімді азамат болса» деп армандаған әке тілегімен үйлесіп жатқанын жанымен сезінген он бір жасар Мұхамеджан алғашқы күннен сабағын жақсы оқып, орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Осындай ынта-ықыласына табиғи қабілеттілігі қосылып, ол аз уақыт ішінде гимназия оқытушыларының назарын өзіне аударады. Жыл сайын кластан класқа І – дәрежелі наградамен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады. Гимназияның Алтын медалі мен педагогикалық кеңестің жоғары бағалаған мінездемесі жиырма жасар Мұхамеджанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады. Мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді. Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады. Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы – халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді. Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды, Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхамеджан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М.Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Осының алдында ол бүкілтүркістандық ІV – мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М.Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен тізе біріктіре отырып, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң, 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді. 1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады. Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған қызылдарға қызмет етуге мәжбүр болған ол енді бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Алайда қара тізімге алып, әр қадамын қалтқысыз баққан қызыл жендеттер оған халқының тарихын жазуға мүмкіндік бермей, қамауға алып, Ресейдің қаратопырақты аймағына (қазіргі Воронеж облысы) бес жылға жер аударады. Айдауда жүрген кезінде М.Тынышбаев Москва-Донбасс темір жолын жобалау бөлімінде жұмыс істейді. Содан кесілген мерзімін өтеп елге оралады. Бірақ ұзамай, ол 1937 жылдың қараша айында қайтадан тұтқындалып, көп кешікпей атылады.

ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ САРА – Тастанбекқызы Сара (1878-1916) – айтыскер ақын. Туған жері қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы. Руы Найман.

Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады.

Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады.

Осылайша қаршадайынан басы дау шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдына онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсылармен бірге Сара да келіп, ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді.

Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы-мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады.

Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.

ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ ХАЛЕЛ – Досмұхамедұлы Халел (1883-1937) – аумалы төкпелі заманда мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірмеген қазақ зиялыларының бірі, мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. Туған жері қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы.

Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс-қазақ мектебіне береді. Мектепті жақсы бітірген Халел бұдан кейін Теке қаласындағы реалдық училщеге түсіп, оны үздік бітіреді. Өнер білімге құмар жас Санкт-Петербургтегі Әскери медициналық академияның сынағынан мүдірмей өтіп, оны алты жылдан кейін Алтын медальмен бітіріп шығады.

Халқының жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халел арнайы шақырумен Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезіне қатысады. Осында қазақ-қырғыз өлкелік автономиясы жарияланады, Алашорда өкіметі құрылады. Ол соған мүше болып сайланады.

Алашорда таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары секілді Халел де жаңа өкіметтің жұмысына тартылады. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы, оған қосымша Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметтерін атқарады. 1924 жылы Россия академиясының Орталық өлкетану бюросының мүше корреспонденті болып сайланады. Өзі проректор болып істейтін, халқымыздың алғашқы жоғары оқу орны Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ашуға, соның ұйымдастыру жұмыстарын атқаруға белсене араласады, оның бірінші проректоры болып тағайындалады.

Халел Досмұхамедұлы бір өзі бірнеше қызметтер атқара жүріп, ұлттық мектептердің ғылыми терминология жасау ісіне ат салысады. Жер жерлерде қаулап ашыла бастаған жүйесін құруға, қазақ тіліндегі ғылыми терминология жасау ісіне ат салысады. Жер-жерлерде қаулап ашыла бастаған ұлттық мектептерге ана тілінде оқулық жазу қажет болады. Осындай қажеттілік Халелді атқарып жүрген толып жатқан қоғамдық қызметтерін ана тіліндегі оқулықтар жазумен және оны шығару жұмыстарымен ұштастыра жүргізуге мәжбүр етті. Ол «табиғаттану», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Сүйектілер туралы» атты еңбектер жазды. Сондай ақ оның қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан айқын көруге болады. Ол сонымен бірге қазақ-қырғыз білім комиссиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, өзі соның редакторы болған.

Жеке адамға табыну дәуіріндегі алғашқы қуғын-сүргін зұлматына алдымен халқымыздың маңдай алды аяулы азаматтары ұшырағаны белгілі. Солардың бірі болып, КазПи-де проректор болып жүрген Халел тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. Сонда жүргенде қайта тұтқындалып, әуелі Мәскеу, содан соң Алматы түрмесінде отырды. 1937 жылы әскери трибуналдың үкімімен атылды. Халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ деп, бар мағыналы өмірін осы жолға арнаған аяулы азамат осылайша зұлымдықтың құрбаны болды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды.

ӘЗІРБАЕВ КЕНЕН – Әзірбаев Кенен (1884-1976) – қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Туып-өскен жері – Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Мәтібұлақ деген өңір. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «июнь жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кенші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндердің қай-қайсысының да астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен Кененнің өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Мәселен, 16-шы жылғы толқудан көп бұрын дүниеге келген «Ой, бұлбұл» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген сөзді айту үшін ыза-кекке қоса, сол кездегі іріп-шіріген саяси ахуалды түсінетін көреген зерде керек қой. Немесе, күндей күркіреген Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақ иық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы – ерге лайық жалтақсыз сенімнің, ақынға лайық оптимизмнің, ақылгөйге лайық көрегендіктің айғағы болса керек. Кенен Әзірбаев артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз. Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз. Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасай бермек.

ДУЛАТОВ МІРЖАҚЫП – Дулатов Міржақып (1885-1935) – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Сарықопа болысының үшінші ауылы. Әкесі – Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі – Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды. Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.

Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, « Ахаң Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.

Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де, жеке басының жүріс- тұрысымен де ол өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Оның публицистикалық толғауларынан шағын өлеңдеріне дейін, «Бақытсыз Жамал» романынан газет журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Сонымен бірге ол Ахмет ағасы секілді жастарды тәрбиелеу жөнінде көп ойланып, көп еңбектенді, халықтың пайдалы әдет-ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң: «Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, Сол бір қайғың өзегімді өртеген. Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай» деп, дүниеден арманда кетті.

ШОҚАЙҰЛЫ МҰСТАФА – Шоқайұлы Мұстафа (1886-1941) – отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Торы тармағына жататын Шашты руынан тараған текті әулеттің ұрпағы. Атасы Торғай Сыр қазақтары орыс патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі болған. Әкесі Шоқай дала қазақтары арасында ерекше мәдениетті, елге беделді би болған, отырықшылықпен айналысып, бау бақша салдырып, егін еккен, кірпіш үй салдырған. Анасы Бақты да текті жердің қызы екен. Әкесі батыр болыпты. Түркістанды орыс отаршылары жаулап алуға кіріскенде, Бақты да әкесімен бірге соғысқа қатысып, барлаушылық қызмет атқарған. Бейбіт күнде өлең жазып, дастандар жырлаған.

Отаршылдықтың өктемдігін, қиянатшыл әділетсіздігін Мұстафа жастайынан көріп өседі. Өз басы отаршылдықтың өрескел кеудесоқтығымен Ташкентте, «өте жақсы» деген бағамен гимназияны аяқтаған кезде бетпе-бет кездеседі. Гимназияда оған берілмекші болған алтын медальді генерал Самсонов бергізбей, одан төмен оқитын орыс баласына жазады. Бұған күміс медальді ұсынады. Бірақ Мұстафа медаль алудан мүлде бас тартады.

Мұстафаның терең білім алып, саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен басталады. Ол гимназияда да, университетте оқып жүргенде де, жергілікті әкімшіліктен зәбір жапа шегіп келген жерлестерінің атынан арыз жазып, олардың әділдікке жетуіне көмектеседі, тіпті, кейбір күрделі істер бойынша сенат алдына мәселелер қоюына тура келеді.

Мұстафаның алғашқы қоғамдық жұмысы оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Бұл оның Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуына, іс жүзінде жалпы мұсылмандық, жалпы түркістандық идеяларды қолдауына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екенін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірінен айныған жоқ.

1917 жылғы Ақпан төңкерісін Мұстафа Петeрборда пікірлес достарымен бірге қуана қарсы алады, патша үкіметінің құлауы оларға бостандыққа жетуге жол ашқандай болады. Ол Әлихан Бөкейханов секілді отандастарымен бірігіп, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналады.

Уақыт туғызған мүмкіндікті пайдаланып, еркіндікке қол жеткізер кезде Түркістан мұсылмандары бірлік таныта алмай, ек топқа бөлініп: бірі консервативті бағытты, екіншісі прогресшіл бағытты ұстанады. Қазан төңкерісінен кейін билікті алған Түркістан жұмысшы шаруа кеңестерінің үкіметі бұл екі топты саяси бірлікке келтірмеудің бар шарасын істеп бағады. Екінші бағыттың басында тұрған Мұстафа Шоқай осы кезде құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі, Мұхамеджан Тынышбаев отставкаға кеткен соң, оның орнына Бас министр қызметін атқарады. Бұл кезде ол Өлкелік Қазақ Кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен I Бүкілқазақтық Құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына мүше еді.

Ташкенттегі жұмысшы солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден-бір билік иесімін деп есептеп, Қоқандағы Мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырады. Қоқандағы большевиктер ойранынан зорға қашып құтылған Мұстафа Иргаш Құрбашының бандыларының қолына түседі. Өліммен бірнеше рет бетпе бет келіп, әйтеуір аман қалады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Жат жерде қаржы қаражатсыз жүргеніне қарамай, тынымсыз саяси ғылыми баспагерлік жұмыстармен айналысады. Бұл Мұстафа Шоқай ұлының өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен жылдары еді.

Ол өмірінің соңында тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Жаны күйзелген Мұстафа Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: « Егер сіздер осыған байланысты маған ату, не асу жазасын берсеңіздер қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Мұстафаның адал жары Мария Яковлевна арқылы бізге жеткен осынау деректер ұлтын сүйген ұлы азаматтың ұлтшыл жүрегінің жерлестері тартқан азапты көріп қалай ауырғанын, жанының қалай күйзелгенін әлемге жариялап тұрғандай.

Ол 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпияға толы жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.

ҚАШАУБАЕВ ӘМІРЕ – Қашаубаев Әміре (1888-1934) – қазақтың атақты әншісі. Туған жері Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабы. Алматы қаласынан топырақ бұйырған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа жанұясында туып өскен. Жастайынан әншілік өнерпаздығымен жұрт аузына ілігіп, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қалимен бірге бас жүлдеге ие болды. Мұнан кейін әншілік даңқы алысқа жайылып, 1925 жылы Парижде өткен Дүниежізілік көрмеде болған этнографиялық концерттерге қатысып, ерекше көзге түседі, қазақтың өресі биік әншілік өнеріне әлем тыңдаушыларының көзін жеткізеді.

Әміре 1925 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданады. Өмірінің соңына дейін театрда әнші артист болған. Әміре «Еңліk -Кебекте» Жапалдың, «Айман-Шолпанда» Жарастың рөлін ойнайды. Концерттік қойылымдарға жиі жиі шығып, халықтың ән-өнерін насихаттауға айрықша үлес қосады.

Әміренің әншілік өнері А.В.Луначарский, А.В.Затаевич, Г.Любимов сияқты өнердің парқын терең білетін мамандар тарапынан жоғары баға алған.

Қазақтың «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Қос барабан», «Қызыл бидай», «Смет», «Жалғыз арша» сияқты классикалық әндері Әміре айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тауып келеді. Бұл ретте, Ж. Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, М.Ешекеев, Б.Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасар болғанын атап айтқан жөн.

АЙМАУЫТОВ ЖҮСІПБЕК – Аймауытов Жүсіпбек (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1907 жылдан бастап Баян ауылдағы орыс мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп қашып оқиды. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіреді (1914-1919). Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929) қызметтерін атқарады. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», « Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Комплекспен оқыту жолдары» атты мұғалімдерге арналған көмекші құрал, «Психология» оқулығы бар.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының соңылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.

ЖҰМАБАЕВ МАҒЖАН – Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (1893-1938 ) – қазақ әдебиетінің көгіндегі ХХ ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, текті ақыны. Туған жері бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді.

Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгіріммен аяқтайды. Бірақ бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды. Ол оқу іздеп енді Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесінен Жоғары діни оқу орнымен пара пар Медресе Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.

Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол, енді бірте-бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық лирикаға қарай ойысады. Мұнда да ол зарлы да өкінішті ой сезімдерін ерекше құдіретпен, шыңғырған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу кегін табиғи байланыстырып жібереді. Бұл кез оның қазақтың ардақ азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді. «Азамат! Анау қазақ ханым десең, Жұмақтың суын апар, жаным десең. Бомаса, ібіліс бол да у алып бар, Тоқтатам тұншықтырып қанын десең». Екінің бірі, басқа жол жоқ! Тасқыны қатты, тегеуріні берік ұлттық сезім селі ширатыла ширығып барып, екпінін баспаған күйі түрікшілдік арнасына құйылады. Халық өлеңдерінің мазмұнымен бірге оның ырғақ үйлесімін, ішкі рухын, әуезділік әсемдігін жанымен қабылдаған ақын кейде ән-күй ғана түсіндіре алатын сезімдерді сөзбен жеткізеді. Мағжанның ақындық ерекшелігі де, бәлкім, осы болар.

Қалай дегенде де, Мағжан өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде, ал адамды сол ұлы табиғаттың, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайды. Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білу үшін ол, алдымен, не нәрсенің болса да мән-мазмұнын бағдарлап, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстың ішкі астарына үңіледі. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды.

Мағжан «Шолпан», «Сана» журналдары, «Ақ жол» газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде болсын, Москваның Жоғары әдебиет көркем өнер институтында оқып жүргенде болсын, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады. Білімі толысып, тәжірибесі молайып, кемелді шағына бет алған тарпаң дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан Қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, түрмеге қамайды. Сөйтіп 1929 жылдан бастап ақын қуғын-сүргінге ұшырайды. Әуелі жалған жабылған жаламен он жылға сотталады. Одан М.Горкий мен оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен, 1936 жылы босатылады да, бір жылдан кейін «Халық жауы» деп қайта сотталып, келесі жылы наурыз айында ату жазасына кесіледі.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН – Сейфуллин Сәкен (Садуақас, 1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері. Туып өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданына (бұрынғы Жаңаарқа ауданына) қарасты Ортау кеңшарының Қарашілік қыстағы. Саяси репрессияның құрбаны болған. Нілдідегі орыс-қазақ және Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде (1905-1908), үш кластық қалалық (1913-1916) оқыған. Омбыда қазақ жастарының «Бірлік» қауымын, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымын ашып, «Тіршілік» газетін шығаруды ұйымдастырған. Ақмола Совдепі президиумының мүшесі (1917). КОКП мүшесі (1918). Ақмола совдепшілермен бірге тұтқындалып (1919) Атаманның «азап вагонында» 47 күн азап шегіп, Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. Ақмола Атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі (1920). Қазақтың Кеңестік Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің 1-Құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі (1920). «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (1922). Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1922-1925). Халық ағарту комиссараты жанындағы Ғылым орталығының төрағасы, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясының (Қаз.АПП) басшысы (1925). БК(б)П Өлкелік комитеті партия тарихы бөлімінің меңгерушісі (1926). Қызылорда халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры (1927). «Әдебиет майданы» журналының редакторы (1932). Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры (1934). Сәкеннің алғашқы өлеңдер жинағы «Өткен күндер» деген атпен 1914 жылы жарық көрді. Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық саяси ұстанымын бедерлі айғақтайтын туындылары – «Кел жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», «Жолдастар» сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ «Советстан», «Көкшетау», «Альбатрос», «Социалистан», «Қызыл ат» поэмалары. Проза саласында «Жер қазғандар», «Айша», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Жемістер» повестері мен «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық роман жазған. «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» драмалары өз заманының рухын танытатын елеулі шығармалар. Қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген С.Сейфуллин әдебиеттің басқа жанрларында да айтарлықтай із қалдырған. Оның әдеби-сын мақалалары, баяндамалары мен сөйлеген сөздері ұлттың мәдени-рухани өміріне сергек араласқан сыншылдық ойының құнарлылығын және пәрменділігін танытады. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегінің мәні зор. Сәкен шығарған әндер халықтық дәстүрді тұғыр ете отырып, дүниеге келген өзіндік даралық сипаттармен ерекшеленеді. Сәкен қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына жойдасыз еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені, оның идеялық дем берушісі коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенді. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп көктеуіне пайдаланбақшы болып жан-тәнімен қимылдады. Алайда, мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де, Сәкен сияқты жүздеген-мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды. Демек, тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға.

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН – Майлин Бейімбет (Бимағамбет, 1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. Алғашқыда мұғалімдік қызмет атқарған (1916-1919). Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Саяси репрессияның құрбаны болды.Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған. Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.

ЖАНСҮГІРОВ ІЛИЯС – Жансүгіров Ілияс (1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Алматы облысының Ақсу ауданы. Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп (1921), өз аулында мұғалім болады.Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады (1922). Москвадағы Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, 1928 жылы бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы (1932-1934). ҚАК СР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі (1933-1936). Саяси репрессияның құрбаны болды.

Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы.

Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, халық болмысын асқақтатын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасы айғақтап отырады.

Ілияс Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.

Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М. Горькийдің, Н.А. Некрасовтың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі өнеге.

ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫ – Рысқұлұлы Тұрар (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, Әулие-ата уезіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы және басшысы. Әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы шаруасы шағын, ауылдың еті тірі, есті жігіті болған. 1904 жылы патша үкіметінің зорлық зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жылға сотталып, итжеккенге жер аударылады.

Әкесінің қылмысты болып, түрмеге қамалуы он жасар Тұрардың былайғы өмірінің сол кездегі өзі тұрғылас қазақтың ауыл балаларының тірлігінен бөлек, басқа арнаға ауысуына себепші болады. Паналар басқа жері жоқ жетім Тұрар қашан әкесі сотталып, жер аударылғанша түрмеде, соның қасында болып, бас бостандығы жоқтардың бақытсыз күндерін солармен бірге бастан кешіреді. Теңсіздіктің, әділетсіздіктің небір сорақы түрлерін көзімен көреді. Сонда жүріп, бала болса да, оқымай, білім алмай болмайтынына көз жеткізеді. Бірақ қанша ұмтылғанмен, ол кeзде жетім балаға білім алу оңай емес еді. Ол тек 1907 жылы ғана әкесін білетін жақсы адамдардың көмегімен, онда да ат-жөнін өзгертіп, «Қырғызбаев» деген фамилиямен, Әулие-атадағы бұратаналарға арналған орысша бастауыш мектепке оқуға енеді. Бұдан кейін ол Пішпектегі ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, Ташкенттегі мұғалімдер институтына түседі. Бірақ онда оқудың мүмкіндігі болмайды. Осы кезде Қазақстанның әр жерінде патшаның «Июнь жарлығына» қарсы бас көтерген халықтың наразылығы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласып кеткен еді. Әулие-атадағы осындай көтеріліске белсене қатысқан Тұрарды патша үкіметі тұтқынға алады.

Ақпан төңкерісінен кейін ол қазақ жастарын революциялық жолға жұмылдырып, Қырғыз (қазақ) жастарының одағын ұйымдастырып, Әулиеата Кеңесімен тығыз байланыс жасайды. Кеңес өкіметі орнасымен Әулие-ата уездік Совдепі атқару комитетінің төрағасы болады. Бұдан кейін ол Түркістан республикасы Орталық Атқару комитетінің, РК (б) П Мұсылман бюросының төрағасы қызметін атқарады. Бір жыл Ұлт істері Халық комиссариатының Азербайжан республикасы бойынша өкілі болып, 1921 жылы РСФСР Ұлт істері Комиссариатына қызметке ауысады. Онда ол әуелі жәй қызметкер, алқа мүшесі, кейін халкомның екінші орынбасары болады.

Коминтерн Атқару Комитетінде Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде жүргенде оны Моңғолияға уәкіл етіп жібереді. Сонда бір жылдай болып, Қазақстанға келеді. Мұнда ол БК (б)П Қазақ Өлкелік Комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы қызметтерін атқарады. 1926 жылы оны Москваға шақырады. Онда ол қашан қамауға алынғанша РСФСР Халық Комиссиараты Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болады.

Тұрар қоғамдық саяси қызметпен қатар теориялық мәселелермен де шұғылданған. Ол Орта Азия мен Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихшылардың бірі әрі қалам қарымы мықты журналист ретінде де танылды. Оның қаламынан шыққан оннан астам кітап жарық көрді. Өмірдің өзекті мәселелеріне арнап жүзден астам проблемалық мақалалар жазды.

Осындай қыруар еңбек тындырып, халқының бақыты үшін аянбай тер төккен асыл азаматты отаршылдық озбыр саясат өз халқына жау етіп көрсетіп, тәжірибесі молайып, кемеліне келген шағында мерт етті. Бірақ халқы оның есімін ұмытқан жоқ. Қазір еліміздегі бірнеше қаланың көшесі, шаруашылықтар мен мектептер Тұрар Рысқұловтың есімімен аталады.

6-кітап

ҚҰТТЫМБЕТҰЛЫ НАУРЫЗБАЙ

Құттымбет (Құтпанбет) ұлы Наурызбай (1706-1781) жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан атақты батырлардың бірі, белгілі қолбасшы. Шыққан тегі Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Мекені Алматы қаласы маңындағы Жалпақтөс, Серіктас деген жерлер.

Ел басына түскен ауыртпалық өзге замандастары сияқты Наурызбайды да ерте есейтеді. Оның ересектер қатарына қосылуына нар тұлғалы алып денесі де септігін тигізген сияқты. Халық жадында оның «Торы ала тұлпарды, түйе тұрпатты» батыр бейнесінде қалуы да содан.

Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақты Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі: «Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады» деп, оның атын жырға қосып, мақтан тұтады.

Аңырақай шайқасы қазақ қауымы біріксе, жоңғарларды жеңетінін, жау қолында қалған жерді азат етуге болатынын анық көрсетіп береді. Абылай Арқаға барғаннан кейін тұс-тұсқа жаушы жіберіп, жаңа күш топтайды. Осыған Ұлы жүзден Өтеген, Райымбек, Наурызбай секілді батырларды шақырады. Райымбек бара алмай қалады, Өтеген мен Наурызбай жауынгерлерін ертіп, мерзімді уақытында жетеді. Бірақ кейін Өтеген батыр Абылайдың Қытаймен жасаған қарым-қатынасының саяси мәніне түсінбей, оған қарсы болып, еліне қайтып кетеді. Ал Наурызбай Абылайдың қасында болып, оның сенім артар атақты батырлардың біріне айналды.

Қол бастап талай шайқасқа қатысқан Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге тізе қоса қимылдап, қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды.

Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғысына Наурызбайдың өзімен бірге Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары да қатысады. Бірақ олардың бәрі де жау қолынан қаза табады.

ТОЛЫБАЙҰЛЫ ОЛЖАБАЙ

Толыбайұлы Олжабай (1709-!783) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақтың атақты батырларының бірі. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасынан.

Олжабайдың арғы атасы Айдабол он үш жасында би болған. Осы Айдаболдың үш әйелінің бәйбішесінен – Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы, ортаншы әйелінен Қарақозы, Бозқозы, Аққозы, тоқалынан – Қожагелді мен Тайкелтір туады. Балаларының бәрі де «сен тұр, мен атайын» әрі шешен, әрі батыр болып өседі. Жалғыз-ақ бәйбішесінің Кенжеқозысы қыршын жас кезінде өліп, айттырып қойған қызы оң жақта жесір қалады. Ол үйсін Қаратай батырдың қызы екен. Әкесі осы қызды тоқалдан туған Тайкелтірге алып берем дегенде, Жанқозы: «кіндіктесімнің жесірін тоқалдың баласына алдырмаймын» деп, зорлықпен қызды інісі Малқозының баласы Толыбайға алып береді. Осы Қаратай батырдың қызынан Олжабай туады.

Әкесі Толыбай атақты «Ақтабан шұбырындыда» босқан елді жау өтінен қорғап жүргенде оққа ұшады. Осы кезде он үшке жаңа толған Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолына барып, сонда тәрбиеленеді.

Халықтың шежірелерінде, ауызша әңгімелерінде Олжабай туралы өте көп айтылады, өлең жыр, дастандар да баршылық. Онда Олжабайдың батырлығы, тапқырлығы, мергендігі ерен сүйіспеншілікпен сөз болады.

Оның есімі он сан орта жүзге ұран болған. Халық жырларында: «Олжабайлап» жауға шапқанның жеңбейтіні болмаған. Үрей туғызатын ұранды пайдаланып, өзгелердің де жауға «Олжабайлап» шабатын кездері болған көрінеді.

Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары секілді батырлармен бірге тізе қоса отырып, ата жауға қарсы талай жорыққа қатысқан. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері Баянауылда баурайындағы қалмақтармен болған шайқасы. Осында Олжабай жиені Жасыбаймен бірге қалмақтардың жолын тосып жатады. Жасыбай жасағымен Шойынкөлге өтетін асудың аузында, Олжабай Торайғыр көліне өтетін асудың аузында жатып, жау қолын күтеді. Бұлардың жол тосып жатқанын қалмақтар да біліп, қапысын тауып, Жасыбай қолына тосынан келіп тиіседі. Жасыбай осы шайқаста қаза табады.

Жау келгенінен хабарланған Олжабай көмекке ұмтылады. Ол жауды қоршап алып, таудың бір қуысына тығып қойып қойдай қырады. Сонда Олжабайдың сұсын көрген жолдасы Төрткул Баймұрат батыр: « Енді сен дем ал, мұнда саған қарсы келер ешкім қалған жоқ. Қалған құтқаны болса, маған сауға бермейсің бе» деп, атының сулығынан ұстағанда, Олжабай: «Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой» деген екен күрсініп. Кейін халық қапыда кеткен есіл ердің құрметіне Жасыбайдың жау күткен асуын «Жасыбай асуы», Шойынкелді «Жасыбай көлі» атап кетіпті. Ол жерлер бүгін де солай аталады.

УӘЛИҰЛЫ АБЫЛАЙХАН

Уәлиұлы Абылайхан (1711-1781) – қазақ халқының әйгілі ханы. Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре. Шежіре деректері бойынша Шыңғыс хан – Жошы хан – оның төртінші ұлы – Тоқайтемір – Қожа – Бадақұлан – Өріс хан – Құйыршық хан – Барақ хан – Әз Жәнібек – Жәдік – Шығай хан – Ер Есім хан – Жәңгір хан – Уәли Сұлтан – Қанішер Абылай сұлтан – Көркем Уәли – Абылай (Әбілмәнсүр) хан болып таратылады.

Абылай хан, әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін жойылып кету қаупі төніп тұрған, өлім мен өмірдің арасында күн кешкендей алмағайып заман болатын. Батысында отаршылдық дәмін татып, тәсілін меңгеріп үлгерген Ресей империясы кеуделеп келе жатты. Шығысында өзін аспан әміршісіне балайтын Қытай империясы айдаһардай ысқырып тұрған кез. Оңтүстігіндегі елдерді ислам фанатизмі тұтастындырып, тәңірлік наным сенімді өмір салты еткен қазақ даласына олар да ит көрген ешкідей ажырайып қарайтын. Әсіресе, көшпелі өмір салты ұқсас, мекен тұрағы жапсарлас Жоңғар хандығы деп аталатын ойраттардың саяси бірлестігі (1635 – 1758) аш бүйірден шаншудай қадалады. Осынау тарихи жағдайды сол кездің дуалы ауыз ақыны бір ауыз өлеңмен былай бедерлейді:

«Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Қалмақ бар,

Күшіңді еппен алмақ бар.

Былай барсаң Қытай бар,

Жапырағыңды бұтай бар.

Былай барсаң орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар.

Бір шумақ өлең аясына сол кездің әскери саяси ахуалы ғана сыйып тұрған жоқ, сонымен бірге қазақ даласына сұғын қадаған елдердің дипломатиялық талғам тәсілі мен басқыншылық тактикалары да айқын аңғарылады.

Абылай хан көзін ашар-ашпастан тағдырдың осындай зұлмат тауқыметімен беттесті. Жастайынан жетім қалған Абылай Төле би сияқты ақылгөй абыздың, Әбілмәмбет сияқты ханның, Бөгенбай сияқты батырдың тәрбиесін көріп ел жұрттың саяси әлеуметтік өміріне қоса жорық жортуылдардың да қыр сырына көз қанықтырып, көңіл зерделетіп, бой үйретіп өседі.

Абылай ханның бүкіл өмірі бір ғана мақсатқа бағынды. Ол ең далада еркін өскен қазақ халқын аман сақтап қалу үшін барлық ақыл-ойы мен қажыр қайратын сарқа жұмсады. Осынау ұлы мұрат жолында Абылай хан пендешіліктің бәрін тәрік етіп, шын мәнінде исі қазақтың біртуар көсемі бола білді. Ол он бес жасынан бастап қан майданды көзімен көріп, кейін небір қырғын шайқастарда жеке басының ерлік тапқырлықтарымен жеңіс туын желбіретті. Талай рет жекпе жекке тіленіп түсіп, Қалдан Шеріннің сүйікті жиені Шарышты бірме бір шайқаста өз қолымен өлтірді.

«Ықпалы жүрген ер еді,

Алтыннан қылыш будырған.

Абылайлап ат қойып,

Жауды көрсе құтырған»,

деп жырлады оның ерлігіне сүйсінген жырау. Бұл орайда, Абылай хан өзінен бұрынғы Мүде, Бумын, Күлтегін, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әз Жәнібек, Керей, Бабыр, Есімхан, Қасымхан сияқты, өмірдің барлық сәтінде жеке басымен үлгі өнеге бола білген көшпелілер көсемінің соңғы тұяғы еді. Ел қамы, халық тағдырына қатысты істе Абылай хан ештеңеден тартынған жоқ. Ол елі мен жеріне қауіп төндірген Ресей мен Қытайға тосқауыл болу үшін күші жетпей, сөзі өтпей қиналған сәттерде ең сүйікті бел балаларын кепілдікке берді. Рухы осындай мықты Абылай хан ардақты батырлары қан майданда қаза тапқанда көзінің жасын сығып тастайтын кездері болған.

Абылай хан ауырып жатқанда Бұхар жырау былай деп көңілін сұрапты деген сөз бар:

«Қалыңсыз қыз алдырған, ханым ай,

Қайырусыз жылқы салдырған, ханым ай.

Үш жүздің боздағын жолыңа шалсам,

Қалар ма екен бір шыбындай жаның ай!» депті.

Халыққа қадірі артқан ханға айтылар сөз осындай ақ болар еді.

Абылай хан қазақ халқының тарих сынынан аман өтуі үшін ең алдымен елдік тұтастық пен дербестіктің қажет екенін терең түсінді. Ол бүкіл қажыр-қайраты мен ақыл-айласын тек қана осы мүддеге бағындыра білді. Бұл мүддені жүзеге асыру жолында ол ерлік ісімен де, шешендік тапқырлығымен де, көреген ақылымен де, шебер ұйымдастырушылығымен де төңірегін таң қалдырып, өз замандастарының бәрінен де бір бас жоғары тұрды. Абылай хан қазақтың айыр көмей, жез таңдай ақын жырауларын, абыз билерін ғана аузына қаратып қойған жоқ. Ол Қытай мен қалмақ тілдерінде еркін сөйлеп, олардың да ықпалды адамдарын ұтқыр сөздерімен тосылтып отырды. Абылай хан қазақтың дәстүрлі мәдениетіне де жүйрік болды. Ол өз жанынан тамаша күйлер шығарып, Шоқан айтқандай, сол заманның эпикалық қарымдағы ерлік істерін күй тілінде бейнелей білді.

Абылай хан қазақ халқының саяси әлеуметтік өміріне қырық жылдан астам уақыт ықпал етіп, билігін жүргізді. Бұл ретте, Әбілмәмбет өлген соң ғана Абылай ресми хан болды деп келетін кәуесет Ресейдің аққаптал саясатынан туындаған жалған сөз. Себебі, Абылай сияқты ірі тұлғаны мойындамау арқылы оның беделіне шіркеу келтіреміз деген дипломатия ол кезде осыны қажет етті. Ол жөнінде И.И.Неплюев: « Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін» деп жазды. Ал, ақиқатында Абылайдың ақ киізді басып, хандық биліктің тізгінін қолына алғаны Әбілмәмбет өлетін 1771 жылдың көп бұрын. Бұл жөнінде Толыбайұлы Арыстан ақынның мынандай өлеңі бар:

Қылады мекережде байлар сауда,

Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.

Сұрасаң Абылайдың тұрған жері,

Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».

«Халық айтса қалып айтпайды», Әбілмәмбет ханның 1744 жылы Түркістанға көшуі хандық биліктің Абылайдың қолына әлде қашан көшкендігінің белгісі. Абылай ханның ордасы Көкшетауда болғанмен, оның ықпалының үш жүзге де жүріп тұрғаны тарихи ақиқат. Бұл ретте, ең беделді айғақ Абылай ханның саяси, әскери, әлеуметтік көреген де тегеурінді қимылдары болса керек. Жоңғарлардан азат болған шығыстағы байтақ алапқа Алтай асырып қазақ ауылдарын қоныстандыруы, елдің батыс шекарасының сыртындағы Пугачев дүбірін қолдап, үш мың жан кешті сарбаздарының орыс бекіністеріне шабуыл жасауы, оңтүстікте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Іленің сол жағасы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтардың өзіне қайтарып беруі, жай қайтарып қоймай, осы жолы әйгілі Жайыл қырғынында ел рухын аспандатып, жеңіс туын желбіретуі, сөйтіп қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейін шекара тартып беруі, бұл шекараның күні бүгінге дейін сақталып отыруы, міне, осынау, ел тағдырының шешуші сәттері Абылай ханның бүкіл халықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ. Мұның сыртында Ресей патшалығымен және Қытай боғдыханымен жүргізген икемді саясаты өз алдына….

Абылай хан туралы әйгілі тарихшы А.И.Левшин былай деп жазды: «Ол ақыл парасаты жағынан болсын, қол астындағы халқының күші мен санының басымдылығы жағынан болсын сол кездегі қазақ даласын билеген замандастарының бәрінен де басым еді».

ДАТҰЛЫ СЫРЫМ

Датұлы Сырым (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Шыққан тегі – Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдішімен аты шыққан «Бала би» атанды. Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал- губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі» деп жазады. Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді. Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Cырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады. Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен Oрал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады. Міне, осы кезден, яғни 1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады. 1785 жылдың күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады. Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады. 1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады. Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Eсімнің кегін алмақ болып, арнайы отряд жасақтап, Сырымға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасайды. Ақыры оның есебін тауып улап өлтіреді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер айтылады.

МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ БЕКЕТ

Мырзағұлұлы Бекет (Бекет ата) (1750-1813) – қазақтың әйгілі батыры, ағартушы, сәулетші. Халық әулие тұтқан. Маңғыстауда туып-өскен. Өзі тұрғызған Оғыланды мешітіне жерленген. Хорезмдегі Пақыржан қажыдан оқып, діни білім алған. Бекет жастайынан білмекке құмар боылп, алғырлық зеректігімен көзге түскен. Ол ат жалын тартып мінген, оң-солын тани бастаған кездің жаугершілігі мол болған. Содан да ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ерте араласып, парасат-пайымымен, ерлік-табандылығымен жұрт көзіне ертерек түскен. Ол, әсіресе, медресе-мешіттер салдыртып, халықты имандылыққа, кісілікке, ауызбірлікке баулуға айрықша көңіл бөлген. Үстіртті зерттеген топограф Э. Эверсман былай деп жазған: «Үстірттегі тааудан үңгіп жаалған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіштерді Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі –Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртіншісі – Арал жағасындағы Баялыда» дейді. Мұндай мешіттерде Бекет ата құдайға құлшылық етуге қоса, халықтың сауатын ашып, балаларды оқытатын болған. Тек қана ағартушылық жұмыстары емес, сонымен бірге ел басына күн туған ауыртпашылықта, жаугершілікте халыққа басалқылық жасап, жөн сілтеп отырған. Тікелей өзі араласып, шеп құрып жауға аттанып, небір тамаша ерліктің үлгілерін де көрсеткен. Ел мен жердің тәуелсіздігі үшін ақылымен де, қайратымен де басшы бола білген. Бекет ата салдыртқан мешіттер күні бүгінге дейін біршама тәуір сақталған. Әсіресе, өзінің сүйегі қойылған Үстірттің Маңғыстау жақ ойысындағы Оғыланды мешіті үш бөлме етіп ойылған қалпы әлі тұр. Бекеттің немересі Мұрынның мүрдесі де осында.

НҰРМҰХАММЕДҰЛЫ ЖАНҚОЖА

Нұрмұхаммедұлы Жанқожа (1771-1860) – қазақтың азаттығы жолында арыстандай алысқан атақты батырларының бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Әлім тайпасының шекті аталып кеткен Жаманақ руынан. Атасы – Киікбай Әбілқайыр ханның батыры, әрі биі болған. Ал әжесі – Тәжі қалмақпен де, орыспен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты тама Есет батырдың жалғыз қызы екен. Жанқожа – осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы. Ел ауызындағы деректерге қарағанда, Жанқожаның батырлық даңқы тым ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе-жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның «батыр» атағы жалпақ елге жайылып кетеді. Жанқожа зорлық-зомбылықты білмеген, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Біреудің біреуге жасаған қиянатын кеше алмаған. Біреудің азғыруына еріп, жазықсыз Бұхарбай батырдың ауылын шабам деп, тілін алмай кеткен інісі Жауқашарға « барғаныңнан оралма» деп бата беруі, артынан қаза тапқанда оның сүйегін ауылына әкелдірмей қоюы соның дәлеліндей. Оның бүкіл мағыналы өмірін Хиуа мен Қоқан бақыншыларына, орыс отаршыларына қарсы күреске арнауы да сол зорлық – зомбылыққа, қиянатқа төзе алмайтын қасиетіне негізделген елін, жерін сүйген алып жүректілігі де себеп болса керек. Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан кейін Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алысады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты. Елін, жерін азат ету жолына бар өмірін арнап, сырт жаумен арыстандай айқасқан есіл ер қартайған шағында, ауыл сыртындағы төбенің басында намаз оқып, құдайға құлшылық етіп тұрған жерінде өз қандастарының қолынан қапылыста қаза табады.

ҚЫРБАСҰЛЫ ЖАУҒАШ

Қырбасұлы Жауғаш (1738-1787) – Абылай ханның белгілі мәмілегерлерінің бірі, атақты батыр, қолбасшы, өз дәуірінің көрнекті қайраткері. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Ботпай руынан. Қазіргі Алматы облысының жерінде туып, Жамбыл облысының жерін мекендеген. Оның ер-тұрманы, қару-жарағы қазіргі таңда Меркідегі өлкетану мұражайында тұр. Жауғаш та өз замандастары секілді, ерте есейіп, қолына ерте қару алған. Ол қырғыздың сарыбағыш руынан шыққан Есенқұл, Садыр деген батырлардың өз еліне жасаған зорлық – зомбылығына кектеніп, 19 жасында Арқаға Абылай ханды іздеп барады. Сонда жүріп Абылайдың сынынан өтеді. 21 жасынан бастап қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан тазарту жорықтарына қатысады. 1755 жылы ол Абылайханнан бата алып, Алатауға келіп, қырғыз елінің ру басылармен ортақ тіл табысып, солардың жасақтарымен бірігіп, Қорғаты мен Шу бойындағы, Меркі мен Кемін өзендері аралығындағы, Алатаудан Балқашқа дейінгі жерлерді қалмақтардан тазартып, оларды Ілеге дейін қуады. Хан тапсырмасын ойдағыдай орындап келгеннен кейін Жауғаш Абылай ханның қасында болып, талай шайқастарға қатысады. Осындай шайқастың бірінде Жауғаш бастаған сарбаздар жанқиярлық ерлік көрсетіп, жараланған Абылай ханды қан майданның ортасынан суырып алып шығады. Ол – бітімшіл мәмілегер. Қазақ хандығының 1756-1758 жылдардағы Қытаймен келісімге келуіне, 1770-1774 жылдардағы қырғыздармен қақтығысының нәтижелі аяқталуына ерекше еңбек сіңіреді. Абылай ханның арнайы шақыруымен Жауғаш жетпісінші жылдардың аяғында қайтадан Арқаға барады. Хан ордасын Түркістанға көшіргенде Тілеуберді, Бүрге батырлармен бірге соның қорғаушысы болады. Жауғаш қандай жағдай болса да сөзіне берік, досқа адал, әділ кісі болған. Өздерімен соғысқан дұшпаны Садырдың бір баласын ертедегі достығы үшін өлтіртпей, ханнан өтініп сұрап алуы соның айғағы. Оның досқа адалдығын Абылай хан да жоғары бағалайды. Жауғаш батыр 49 жасында өз ажалынан қайтыс болды. Халқы аяулы батырын арулап жуып, сүйегін Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қояды.

ӘЛІБЕКҰЛЫ СЫПАТАЙ

Әлібекұлы Сыпатай (1782-1867) – Қоқан басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдылығы жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Шыққан тегі – Дулат тайпасының Ботпай руынан. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты атынлған адам екен. Бірақ балалары – Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Көз көрген қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: «зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты», – деп суреттейді. Тарихтан ХІХ ғасырдың басынан ортасына дейін Оңтүстік Қазақстан аумағының біраз жерін қоқандықтардың басып алғаны белгілі. Басқыншылардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. Атқа мініп, қол жинап, елге қырғидай тиіп, салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын айдап шығады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді. Арқадан ығысқан Кенесары хан oңтүстікке келіп, Қоқан Хиуа хандығының бекіністеріне шабуыл жасағанын естіп, содан рухтанып атқа қонған ел азаматтарын бастап, Сыпатай да көтеріліске шығады. Кейін Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады. Бірақ Кенесары қырғыздарға соғыс жасағанда, Сыпатай одан бөлініп, өз әскерін бастап кетіп қалады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Жиырмадан жаңа аса берген албырт кездерінде өз елінің жуандары ағайынды екі батырды – Андас пен Сыпатайды сыйғызбай қуып жібергенде, олар көрші қырғыздарға барып паналаған болатын. Қырғыз ағайындар елін Қоқан басшыларынан қорғасқан екі батырға риза болып, өз ұлдарындай көріп, алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, қоныстығына жер береді. Қалың малын төлеп қыз әпереді. Қырғыздың солто тайпасының манабы Қанай Сыпатайдың екінші әкесіндей болып, үлкен қамқорлық көрсетеді. Өзін баласындай етіп өсірген елге Кенесары шабуыл жасамақ болғанда, не істерін білмеген ол қатты қиналады. Ақыры өздеріне адамгершілікпен соншалық жақсылық жасап, екінші отанына айналған елге шабуыл жасауға ұжданы жібермейді, әрі ата жұртының ежелгі көршісі бауырлас елмен қарым қатынасты бұзғысы келмейді. Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қоқан езгісінен елді құтқарудың жалғыз жолы – Ресей қарамағына өз еркімен ену деп түсінген ол орыстың патшасы Александр ІІ-ге хат жазады. Орта Азияны жаулап алу құлқының тесіп отырған патша өкіметі кідірмей, 1863 жылы Верный қаласындағы полковник Черняевқа Қоқан хандығына қарсы жорыққа дайындалуға бұйрық береді. Бұл жорыққа Сыпатайдың балалары қатысады. Орыс патшасы Сыпатайдың еңбегін жоғары бағалап, шен және бағалы сыйлықтар береді. Сыпатай – сексен бес жыл жасаған өмірінің саналы алпыс жылын күрес-тартыспен өткізіп, шапқыншылықты күнде ерлігін, бейбіт күнде мәмілегер әділдігін танытып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің бірі.

БӨКЕЙҰЛЫ ЖӘҢГІР ХАН

Бөкейұлы Жәңгір хан (1801-1845) – Кіші жүздің Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Оның шын аты Жиһангер.

Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкені сыртта Астрахан губернотары Андреевскийдің үйінде оқып жүруіне байланысты, ол ер жетіп, оң солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.

Еуропалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.

Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп қосылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.

Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ол ашқан мектептен білім алған алғашқылардың бірі белгілі қазақ этнографы, Орыс география қоғамының қызметкер мүшесі Мұхаммед Салық Бабажанов бұл ретте: «…ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» деп жазады.

Жәңгір хан бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.

Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды.

ТАЙМАНҰЛЫ ИСАТАЙ

Тайманұлы Исатай (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.

Ел ісіне ерте араласқан Исатайдың кемелденуіне қайын ағасы Жабай Бегалиннің көп көмегі тиеді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған, старшын қызметін атқарған. Ол өлгеннен кейін оның орнына Бөкей хан Жабайдың тәрбиесін көрген Исатайды старшын етіп тағайындап, оны Орынбор шекара комиссиясы бекітеді.

Күн санап ел арасында беделі асып бара жатқанын көре алмаған хан төңірегіндегілер оның беделін түсіру үшін түрлі жала жауып, ханға шағыстырып бағады. Соның салдарынан бас аяғы 4-5 жылдың ішінде бірінде старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады деген, екіншісінде кісі өлтірді деген жаламен түрмеге қамалады. Оның алғашқысынан ақша беріп құтылса, екіншісінен Орынборға конвоймен айдалап бара жатқан жерінде, есебін тауып, қашып кетеді.

Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуады. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденіп алады. Мұндай қысымшылықты Исатай старшыны болып жүрген беріш руы да көреді.

Осы кезде Жәңгір ханның Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін жұртқа зорлық-зомбылығымен аты шыққан саудагер Қарауылқожаға басқартып қоюы жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу ызасын тудырды. Исатай ханнан Қарауылқожаның озбыр билігіне тиым салуын талап етеді. Оған жауап ретінде хан бес жүздей әскермен Қарауылқожаны аттандырып, оған Исатайды 200 жігітпен оған қарсы шығады. Бетпе бет келгенде Исатайдың батыр жігіттеріне шамасы келмейтінін біліп, Қарауылқожа кейін қайтады.

Осыдан кейін Каспий жағалауындағы халық Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан қашып, Исатай мен Махабеттің төңірегіне тұс тұстан келіп жинала бастайды. Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-37 жылдардағы Бөкей     ордасындағы шаруалардың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне ұласады. Көтеріліске Исатай мен Махамбет басшылық жасайды. Көтеріліс бүкіл халықты қамтиды. 1837 жылдың қазан айында Исатай 2000 жауынгермен келіп, хан ордасын қоршап алады. Бірақ көтерілісшілерге қосылғанымен, ханнан қол үзгісі келмеген билердің ықпалымен Исатай орданы бірден басып алмай, хан мен орыс полковнигі Геккемен пайдасыз келіссөз жүргізіп уақытты өткізіп алады. Осы уақытта ханға көмекке жіберілген казак орыс отрядтары ордаға жетіп үлгіреді.

Қараша айында Тастөбе деген жерде шешуші шайқас болады. Қанша ерлікпен шайқасқанымен, көтерілісшілер орыстың отты қаруына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырайды. Жазалаушылар көтерілісті аяусыз басады. Тұтқындарға 500-ден 2000- ға дейін дүре соғып, Сібірге айдайды.

Аман қалған жігіттермен Исатай Жайықтан өтіп кетеді. Хиуаға хан болам деп жүрген Қайыпқали сұлтанмен уақытша келісім жасап, Исатай 1838 жылы Баймұхаммед сұлтанның ордасына шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында қалып, қаза табады.

ҚАСЫМҰЛЫ КЕНЕСАРЫ ХАН

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.

1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.

Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды. Көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды.Оның үстінен патша үкіметінің алым салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланды.

Патша өкіметі кесіп алған жерлерді заңды иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп жүзбасылар мен мыңбасыларды тағайындады. Әскер тәртібін бұзғандар қатал жазаланды.

Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.

ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ АҒЫБАЙ

Қоңырбайұлы Ағыбай (1802-1885) – қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі батыр, қолбасшы. Қазақ ханы Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы жүргізілген көтеріліс басшыларының бірі. Туып өскен жері Қарағанды облысындағы Балқаш, Бетпақдала алабымен жапсарласып жатқан Арқаның Қызылтау, Ортау, Ақтау, Ұлытау деп аталатын сілемді таулары. Топырақ бұйырған жері – Ағадыр елді мекенінің оңтүстігінде 80-90 шақырымдай жерде ағып жатқан Қаратал өзенінің бойы, Тайатқан, Шұнақ тауларының алқабы. Ағыбай батырдың шыққан тегі Орта жүз Арғын, оның ішінде Шұбыртпалы руынан өрбиді. Нағашы жұрты Орта жүздің ноқтағасы Тарақты елі. Абылай ханның сенімді серігі, әрі ту ұстаушы батыры Наймантайұлы Байғозының Қойсана есімді қызы Ағыбай батырдың анасы. Тарихтан белгілі Абылайханнан тараған ұрпақтың ішінде Қарақалпақ қызы Сайман ханымнан туған Уәлихан бастаған балалары амалсыздан Ресей отаршылдығына мойын ұсынды да қалмақ қызы Топыш ханымнан туған Қасым бастаған балалары Ресей отаршылдарына қарсы бітіспес күрес жүргізіп өтті. Қасым сұлтан өз тұсында Көкшетау өңірінде орыс әскерінен қысым көріп, Арқаның бетпақ даламен жапсарлас өңірін қоныс ететін Қаракесек, Шұбыртпалы, Тарақты руларының жеріне ығысуға мәжбүр болған. Ағыбай батырдың да азаттық күресіне ертерек араласуы осы Қасым сұлтанмен, оның баласы Кенесары ханмен етене аралас, мүдделес болуынан басталады. Ресей империясының отаршылдың саясатына қарсы 1824 жылы Қарқаралы аймағында болған көтеріліске белсене қатысқан ағыбай алғаш рет ерлік-батырлығымен, тапқырлық-табандылығымен көзге түседі. Мұнан екйін де 1826, 1827, 1829, 1832 жылдары Ресей әскерімен болған қақтығыстарда Ағыбай батыр өзін ел үшін белін бекем буған қаһарман батыр, қабырғалы қолбасшы ретінде танытады. Ресей отаршылдығына қарсы Орта Азиядағы түркі тілдес халықтармен бірігіп, күрес жүргізу мақсатымен елшілік келісімдерге қатысады. Қасым сұлтан ташкенттік Бегдербектің қолынан қаза тапқан соң, Шу бойындағы Бесқұлан деген жерде Ағыбай бастаған қазақ қосындары өзбек әскерлерін тас талқан етіп жеңіп, Түркістан аймағын өзбек ықпалынан сейілтеді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық соғысы қарқын алған кезде, 1837 жылы Айыртаудың етегінде Кенесарыны Орта жүзге хан етіп көтергенде, Ағыбай батыр да бір ауыздан бас сардар әскер басы болып тағайындалады. Кенесары ханның тікелей басшылығымен Ағыбай батыр бастаған қазақ қосындары Ресей империясының Қазақстандағы тірек орталықтары Қарқаралы, Ақмола, Ақтау, Екатеринбург бекіністеріне шабуыл жасап, орыс әскерлеріне Ырғыз, Тобыл бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында талай рет ойсырата соққы береді. Кенесары хан бастап, 1847 жылы Кекілік тауында қырғыздармен болған қанды шайқаста Ағыбайдың қолы шепті бұзып шығады. Осы шайқаста Кенесары өлген соң да Ағыбай батыр Ресей өктемдігіне қарсы күресін тоқтатпайды. Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуыл ұйымдастырып, кейін Сыздық төре бастаған отаршылдыққа қарсы бағытталған қозғалысқа қосылады. Салт атты әскери тактиға жүйрік Ағыбай батырды замандастары «Ақжолтай батыр» деп атап, оның есімін ұранға қосқан. Ағыбай қартайып бойынан қуат қайтқан шағында ауыл елін егіншілікке, балықшылыққа жұмылдырып, бас көз болған. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін барлық өмірін арнаған Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің еңбектеріне арқау болған.

ӨТЕМІСҰЛЫ МАХАМБЕТ

Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы. Туып өскен жері Ішкі Бөкей ордасының Бекетай деп аталатын өңірі. Бұл қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер. Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен он ұл, Шыбынтайдан төрт ұл, Қобылайдан үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.

Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.

Махамбет Ресей отаршылдығының барша ауырлық тауқыметін көзімен көріп, оның барша зорлық-зомбылығын басынан өткеріп, ғұмыр кешкен адам. Сондықтан да 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңіздей толқып көтерілгенде, осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бірге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтеріп шықты. Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбет жеріне жеткізе жырлаған әйгілі ақын. Ол поэзияда қандай дара болса, күй өнерінде де сондай дара.

Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мәдениетінің буырқанып келіп, жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тәрізді. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейін, Асанқайғыдан Махамбетке дейін, Махамбеттен Абайға дейін, Абайдан бүгінге дейін деп төрт кезеңге бөлуге болар еді. Махамбет заманы көшпелілер рухының айының батып, күнінің тұтылған кезі. Сондықтан да, көшпелілер мәдениетіндегі эпикалық синкреттілік Махамбет болмысымен түйінделеді. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушілік міндетінен айрылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен. Махамбеттің әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі жырау, әрі күйші болуында осындай тарихи әлеуметтік сұраным болған.

ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ АРЫНҒАЗЫ

Әбілғазизұлы Арынғазы (1785-1833) – алмағайып аласапыран заманда өмір сүріп, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін арыстандай арпалысып өткен көрнекті мемлекет қайраткері, көреген саясаткер, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі болған дәулескер күйші-композитор. Арынғазы қазақ сахарасына әйгілі болған текті әулеттен. Шежіре тілімен айтқанда, қазақ халқының шаңырағын көтерген Әз Жәнібектің баласы Жәдік сұлтаннан өрбіген әйгілі Батыр сұлтанның шөбересі болып келеді. Батыр сұлтан, одан – Қайып, одан Әбілғазиз, одан – Арынғазы. Мемлекет қайраткері, саясаткер ретінде Арынғазы қос бүйірдегі көршілері Ресей мен Хиуаға тең саясат ұстанып, екеуінің де қорқау ниеттеріне тосқауыл болды. Әкесі Әбілғазиз 1815 жылы дүние салған соң, Арынғазы хан болып сайланғанда, Жанкент қаласында Шекті, Шөмекей, Жaғалбайлы, Төртқара, Жаппас руларының көсемдері оны ақ киізге отырғызып көтеріп, төбесінен алтын мен күміс теңгелер құйған. Ал, Бұқар әмірі Арынғазының таққа отыру құрметіне арнайы хандық мөр құйдырып, алтын оқалы шапан пен арғымақ ат тарту еткен. Тек, Ресей патшасы ғана, Абылайды, Батырды, Қайыпты хан деп мойындамағаны сияқты, аққаптал саясат ұстанып, Арынғазыны хан ретінде мойындамайды. Арынғазы хан тағында болған кезеңде ел ішінің береке-бірлігіне айрықша көңіл бөлген. Ол ел басқару ісінде ақыл-парасаты кемел ру басыларына сүйеніп, қазылар сотын құру арқылы қол астындағы халықтың жарастықты өмір сүруіне жағдай жасады. Халық тынышын алған отыз баукеспе барымташыны өлім жазасына кескізуі Арынғазының ел мүддесі үшін бәріне де дайын болғанын көрсетеді. Арынғазы хандық құрған кезде ру аралық дау-шар тиылып, көрші елдермен сауда-саттық жанданды. Әсіресе, Ресейдің Орта Азия елдерімен арадағы сауда жолдарының қауіпсіздігіне Арынғазы өз тарапынан кепілдік беріп отырады. Бұл ретте ол хиуалықтардың арандату әрекеттеріне тойтарыс беріп, қанды қақтығыстарға да барып отырды. Мұндай саясатқа іш тартқан Ресей өкіметі Арынғазыны Кіші жүздің хандық кеңесінің төрағалығына сайлап, гаухар тас орнатылған алтын медальмен марапаттайды, 500 рубль көлемінде жалақы тағайындайды. Ел ішіне жарастықты ахуал орнатқаны үшін халық оны «Тыным хан» деп атады. Ол Кіші жүз бен Орта жүздің ықпалды адамдарымен ақыл тоғыстырып, дербес хандық құру жөнінде тегеурінді қимылдарға мұрындық бола білді. Алайда, Арынғазының ел ішіндегі беделі мен ұстанған бағыты Ресей өкіметіне секем алдырады. Орынбордың әскери губернаторы генерал-лейтенат П.К. Эссеннің дем беруімен 1821 жылы Арынғазы Кіші жүздің хандық билігін иемденіп қайту ниетімен Санкт-Петербургке аттанады. Көктен тілегенін жерден бергендей, Ресей саясатының қанды шеңгелі Арынғазыны қайтып уысынан шығармайды. Ол 1823 жылы Калугаға жер аударылып, 1833 жылы Шоқан Уәлиханов, Мұхамбет-Салық Бабажанов сияқты, белгісіз жағдайда, белгісіз себептен дүниеге салады. Елім деп еңіреп өткен есіл ердің сүйегі күні бүгінге дейін Калуга топырағында. Жомарт табиғат Арынғазының бойына атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай ғажайып қасиеттер дарытқан. Қатарынан иығы асып тұратын сұңғақ бой, көрген жанның көзін қарықтыратын сұлу пішін, аттылы жаяуға бірдей жауынгерлік шалым, құралайды көзге ататын мергендік, найзағадай шапшаң қылышкерлік…. Осының бәріне қоса Тәңірі оған халқы үшін жанын ойланбай құрбан ететін асқақ рух, сахара сарбаздарына тән мәрт мінез, жомарт пейіл, сұлулыққа іңкәр нәзік сезім, сол сезімді биік өнер тілінде сыртқа шығара алатын бұл дарын берген. Арабша, шағатайша, орысша сауаты кемел болған. Оның беліне таққан қылыш үшін Санкт Петербургтің сайып қыран офицерлері ойланбастан Ресейдің 6 мың рублін ұсынған.
Арынғазы сахараның сағағынан үзілген төрт аруына үйленген. Алғаш жар еткен Балым ханым Арынғазының артынан Калугаға іздеп барған. Ал, Мәдина сұлу Арынғазымен Калугада бірге болған. Арынғазы қайтқан соң Мәдина Москвада тұрақтап қалады да, одан туған ұрпақ тағдырдың жазуымен орыстанып кетті. Арынғазыны көрген замандастары ол туралы небір таңданыс-сүйсініске толы деректер қалдырған. Бұхар әмірі оның парасат болмысына сүйсініп «мұсылмандар әмәрә» деп атаған. Барон Е.К.Мейендорф ол туралы: «Арынғазының бар болмысы, оның арман-аңсары, оның әрекет тірлігі, оны қатардағы пенде атаулыдан анағұрлым асқақтатып көрсетеді», – деп жазды. Ал, Ресей елшісі А.Б.Негри былай деді: «Бұл сұлтанның тал бойындағы ар-имандылық пен қайраткерлік, ақ ниеттілік пен ержүректік біте қайнасқан». Ресей тарихшылары Арынғазыны бір ауыздан: «қазақ сұлтандарының ішіндегі халқын шын сүйген жалғыз адам, ары кіршіксіз таза адам» деп бағалады. Арынғазының ерекше жаралған болмыс-бітіміндей болып, оның сұлулық пен азаттыққа іңкәр асқақ рухындай болып артында «Арынғазы» күйі қалды. Ол күй аманат-өсиетіндей болып қазақ халқымен мәңгі бірге жасайды.

ШЫҒАЙҰЛЫ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ

Шығайұлы Дәулеткерей (1814-1887 ) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, төре күйлерінің негізін қалыптастырушы. Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата қонысынан топырақ бұйырған. Ата бабасы Өріс (Орыс) ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Бөкей хан өлген соң, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген.

Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған адам. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді академик А.Жұбанов «төре күйлерінің атасы» дейді.

Әрине, Дәулеткерей тақыр жерден өнген дарын емес. Ол өскен ортада күйшіліктің әбден қалыптасқан дәстүрі болған. Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші домбырашылар Орда төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері еді. Дәулеткерей осы күйшілердің дәстүрін шабыт тұғыры еткен. Әсіресе, оның күйшілік өнерге елдік мазмұн дарытып, шабыт жанығандай күй кешуіне Құрманғазымен кездесуі себепші болады. Қос ұлы күйші іштей түсінісіп, жан жүректері жарасып, тіптен, бір-біріне күй арнайды.

Дәулеткерей бойындағы дарынның тек тамыры сөз болғанда өзі шыққан әулеттің өнерпаздық дәстүрін де айта кеткен жөн. Бөкей ордасындағы төре тұқымдарының арасында хандық билікті күйттеуден гөрі өнер мен ғылымға құлай берілгендері де аз болмаған. Дәулеткереймен немере болып келетін Мұхит бүкіл Кіші жүздегі ән мектебінің туын көкке шанышқан дарын.

Сондай ақ Арынғазы, Жантөре, Өрейжан сияқты өкше басар інілері де төңірегін күймен баураған өнерпаздар болған. Тіптен, бел баласы Салауаттың өзі сұлтандық билікті тәрік етіп, күйден көбірек жұбаныш тапқан. Дәулеткерейдің туған жиені Бөкейханов Науша бүкіл өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса, екінші жиені, Орынбордың кадет корпусын бітірген дарынды түлек Бабажанов Салық бүкіл өмірін халықты билеуге емес, ғылым білімге арнаған.

Дәулеткерей алғаш рет жастық сезімнің қарлығашы сияқты «Ақжелең», «Қосалқа» сияқты күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы күйлерінің өзінен ақ айқын аңғарылады. Жастық шағында ұлы күйшінің жақсыға қызыққанын, жүйрікке құмартқанын, сұлуға сүйсінгенін, тіптен жастыққа жарасатын жалын сезімге бой алдырған сәттерінің аз болмағанын байқау қиын емес. Бұған оның «Қыз Ақжелең», «Қосалқа», «Ысқырма», «Желдірме», «Қоңыр», «Құдаша» сиқты күйлерінің тақырыб ғана айғақ емес, ең алдымен осы күйлердің жүрек тербер сазы, қалтқысыз сезімі, бозбаладй елпілдеген мінезі куә.

Дәулеткерей өзі туып, өскен ортадағы ел жұрттың тағдыр тіршілігіне ерте араласқан. Хан сұлтандықтың өз төңірегіне ғана түгін дүрдиткені болмаса, күні өтіп бара жатқан қаугөрік халін ерте түсінген. Орданың ғана емес, байтақ елдің тағдыры отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте сезінген. Дәулеткерейдің ең бір драмалық шиеленіске толы үйлері осындай ахуалмен байланысты дүниеге келген. Ол «Тартыс», «Шолтақ», «Топан», «Жігер» сияқты күйлері арқылы өзі куә болған өмірдің қан сөлін сорғалатып көрсете отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін айтқан. Әсіресе, «Жігер» үйінің жөні бөлек. «Жігер» Дәулеткерейдің ғана шыққан биігі емес, бүкіл қазақ күйлерінің асқар белі.

Егер, дүние шіркіннің дидарында осынау фәни жалғанға жылап келіп, жылап кететін адамның көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол Дәулеткерейдің күйлері. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.

ҚАЗАНҒАП ТӘТТІМБЕТ

Қазанғапұлы Тәттімбет (1815 – 1860) – қазақтың әйгілі күйші композиторы. Туып өскен жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, дүние салған соң, Қарқаралы жеріндегі Түндік өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапқа жерленген. Бұл Тәттімбеттің әкесі Қазанғапқа арналып салынған зират. Ішінде үш қабыр бесікше бар. Бірінде Қазанғаптың өзі. Екіншісінде Қазанғаптың бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы Қалайы. Үшіншісінде Тәттімбет жатыр.

Тәттімбеттің шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа), Шұбыртпалы деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді.

Тәттімбеттің туып өскен ортасы көшпелілердің сан ғасырлық музыкалық мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген, әсіресе, күйшіліктің тарихи тек тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ. Арқа төсіндегі Қоңырөлең, Өлеңті, Домбыралы, Сарын, Қорқыт көлі, Жорға, Мұңлы, Тарғылдың тауы, Зыңғыртау, Ақөлең, Дуана, Саржайлау, Балқылдақ, Қосішек, Күйтөккен сияқты жер су атауларының қай-қайсысы да ән-күймен сабақтас. Ән-күй өмір салтқа айналып, адамдардың тағдыр тіршілігімен біте қайнасқан ортада ғана топонимдік айғаққа айналса керек.

Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс Сібір генерал губернаторы генерал майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: «Тәттімбет ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған» (ООМА, 3 қор, 3 тізім, 3902 іс). Тәттімбет Ресей патшасы Александр ІІ нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай- ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған. Оның өнеріне Біржан сал:

«Тәттімбет ардагерім, Арғын асқан,

Қырық түрлі күй айналған бармағына», – деп сүйсінеді.

Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап, тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады.

Қазанғапұлы Тәттімбеттің «Саржайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Бес төре», «Көкейкесті», «Қосбасар» сияқты ондаған күйлері қазақтың музыкалық мәдениетінің асыл айғақтары болып табылады.

АРОНҰЛЫ СҮЙІНБАЙ

Аронұлы Сүйінбай (1815 – 1898) – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекені. Осы өңірден топырақ бұйырған. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп өнген.

Сүйінбайдың ақындық дарының алтын бесігі халқының ежелден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі. Әсіресе, ел ішінің сөз өнерін әспеттеген ұлы дәстүріне жастайынан ерте ұштап, төңірегіне ерте танылады. Ел аузында айтылатын:

«Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен ерттеп атын.

Қобызға домбырасы үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген өлең сол ортаның ән-күй мен өлең-жырды айрықша дәcтүр еткенін аңғартса, одан тағылым алып өскен Сүйінбайдың:

«Атыңнан айналайын Қызыр бабам,

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған» деуі, оның ақындық дарынының ерте оянғанын аңғартады.

Сүйінбайдың даңқын елге жайған, ауыздан-ауызға тараған шығармаларының бір шоғыры өз кезіндегі хан-қара, би-төре, бай-манаптарға, көз көрген замандастарына қарата айтылған өлеңдері. Бұл өлеңдері, ол бір жағынан елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, табанды да турашыл азаматтың тұлғасын танытып отырса, екінші жағынан айтар ойын ұрымтал образ, ұтқыр ой арқылы жеткізуге шебер ақынның тегеурінді қарымын танытады.

«Хан емессің, күйіксің,

Қалың елді айдап жеп,

Теріңе зорға сиыпсың,

Ұры қары залымның,

Жаныңа бәрін жиыпсың…

Дүниені жұтса тоймайтын,

Түпсіз жатқан ұйықсың,

Қадірің жоқ халыққа,

Аққан судай сұйықсың», дейді Сүйінбай.

Құнарлы сөз, кесек ой, келелі уәж оның поэзиясына, эпикалық қарым, көркемдік сипат дарытып отырады.

Сүйінбайдың, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынмен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.

Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған.

Оның Сұраншы, Сауырық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.

САҒЫРБАЙҰЫЛ ҚҰРМАНҒАЗЫ

Сағырбайұлы Құрманғазы (1823-1896) – қазақтың ұлы күйші-композиторы. Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары. Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған. Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты. Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.

УӘЛИХАНОВ ШОҚАН ШЫҢҒЫСҰЛЫ

Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Уәлиханов Шыңғысұлы (1835 – 1865) – қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ.

Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен.

Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында өткен.

«Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.

Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н. Потанин: « Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді… Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала білетін», дейді.

Оған әсіресе орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы Костылецкий мен тарих пәнінің оқытушысы Гонсевский күшті ықпал етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік өмірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.

1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н. Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.

Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.

1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады.

1856 жылы М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстық көл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінген Шоқан «Манас» үлгісінде көрсетті. «Манас», дейді Шоқан, қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың «Илиадасы» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет-ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған… Екінші эпос «Семетей» «Манастың» жалғасы. Бұл қырғыздың «Одиссеясы». Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохонды ежелгі тұрғындары екені тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географы К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстық көл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттеген. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

1858 – 1859 жылдары Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы, әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген матераилдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шахардың, яғни Қытайдың Нан лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.

Шоқаннан қалған мұраның бірі бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150 – дей сурет қалған.

Науқасы меңдегендіктен Петербургтен елге оралған Шоқан туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды чиновниктен, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достаевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмай, аға сұлтандыққа өте алмай қалады. 1864 жылы наурыз айында Шоқан генерал Черняевтің шақыруымен Әулиеатаға (қазіргі Тараз қаласы) келеді. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге қосуды жақтаған ол Черняев отрядында біраз уақыт қызмет істейді. Бірақ патша генералының жергілікті халыққа жасаған зорлық-зомбылығын көріп, тез бөлініп кетеді. Содан Верный (қазіріг Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің аулына барып (бұрынғы Талдықорған облысы, Шоқан атындағы шаруашылық) тоқтайды. Сонда үйленіп, тұрып қалады.

Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшен тоған деген жерге қойылады.

Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыстың жағрафиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды. Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді.

БАЙЖАНҰЛЫ ЖАЯУ МҰСА

Байжанұлы Жаяу Мұса (1835-1929) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туған жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасы, Ақшоқы алқабы. Шыққан тегі – Орта жүз, Арғын ішіндегі Сүйіндік руы. Алғаш ауыл молласынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады. Бойындағы өнерін жұрт алдында көрсете бастайды. Қалада өткерген жылдарында Жаяу Мұса сол кездің саяси-әлеуметтік өмірін тереңірек танып, туған елінің бодандықтағы мүшкіл халіне ой зерделетіп, санасы толысқан шағында елге оралады. Әрине, ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне тарай бастайды. Ақыры Жаяу Мұсаға «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағылып, Тобылға жер аударылады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Осылайша, оның әскер қатарындағы әр қиырды шарлаған күрделі өмірі басталады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Москва, Владимир, Петербург қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Кейін Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М.Черняевтің әскерінің құрамында Алатау, Әулиеата, Шымкент жорығына қатысады. Осы жорықта Ресей әскерінің зорлықшыл әрекеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән-жырына қосады. Алыста жүріп, туған жерін сағынып «Сүйіндік» әнін шығарады. «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндеріне өмірден көрген сондай қиындық қиянаттар арқау болады. Өмірдің көп тауқыметін бастан өткеріп, еліне оралған Жаяу Мұса әлеуметтік-саяси теңсіздікке арналған әндер шығаруды одан әрі жалғастырады. Ақмола уезіне қарасты Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен көңіл жарастырып, ұрпақ құрып, саясатшылықпен айналысады. Жаяу Мұса қазақтың ән өнерін мазмұн, түр жағынан байытып, шығармашылық жаңалықтар енгізіп, әуен сазын жаңа биіктерге көтерген аса дарынды композитор. Ол өз шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман-аңсарын әнмен бедерлей білді. Оның әлеуметтік көзқарастары, азаматтық ұстанымдары сол кездің демократтық-ағартушылық озық идеяларымен астасып жатты. Жаяу Мұса әндерін күні бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайды. Оның алуан нақышты асқақ әндері Қазақстан композиторларының көптеген шығармаларына арқау болған.

5-кітап

ӘСКЕНҰЛЫ ӘБІЛҚАЙЫР ХАН – Әскен (Әжі) ұлы Әбілқайыр хан (1693-1748) – қазақтың Кіші жүзінің ханы, Аңырақай шайқасындағы қазақ қолының бас сардары, қазақ сұлтандарының кіші буыны – Үсектің ұрпағы. Болат хан өлгеннен кейінгі тақ таласында Сәмекенің (Шахмұхаммедтің) «Әбілқайырдың атасына хандық әуелден бұйырмаған. Жеті атасынан хан болып келе жатқан менің тұқымым, хан тағының заңды иесі менмін» деуі де оның осы кіші буыннан екені меңзейді. Ол – кейін өзінің күшімен, айласымен, шабуылды ұйымдастыра білушілігімен даңқы шығып, хандыққа қол жеткізген, батырлығы мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саясатшылығы мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол тарихи күрделі тұлға. Ол 1723 жылға дейін Түркістан қаласында тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққан соң, Бұқар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын тайпалардың арасына кетеді. Қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресі күшейген кезде Ордабасында болған халық жиналысында Әбілқайыр қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып сайланып, Аңырақай шайқасында үлкен жеңіске жетеді. Болат хан өлгеннен кейін «қазақтың бас ханы болу жолы менікі» деп сеніммен жүрген Әбілхайыр жеме-жемге келгенде билік тізгінің басқаның қолында кеткенін көргенде шарт сынып, ашуланып, бәрін тастап еліне кетеді. Қазақтарды әлсіретіп, бүкіл Орта Азияға жол ашар қақпаның кілтін тезірек қолға түсіру жөнінде патшасынан нұсқау алған орыстың далалық әкімдері бұл оқшалануды өз мүдделеріне пайдаланып қалуға жанталаса кіріседі. Бұл ретте отарлаудың ежелден сыналған тәсілі – «жабайыны жабайының қолымен құртуды» іске қосады. Сөйтіп олар өздерінің бодандары Еділ қалмақтарын да, башқұрттарды да, сондай-ақ Жайық казактарын да айдап салып, Кіші жүз қазақтарының тынышын кетіре бастайды. Соның аяғы Әбілқайырдың 1730 жылы өзін Ресей империясының қол астына алуына сұрап, Петербургке елшісін жіберуіне әкеп соғады. Онда ол өзінің Ресей империясына башқұрттар секілді қызмет етіп, солар сияқты алым төлейтінін айта келіп, өздеріне Ресейдің өзге бодандары тарапынан ешқандай қиянат және шабуыл болмауын талап етеді, патша тарапынан тыйым салынбаса, башқұрттардың өздігінен шабуыл жасауды тоқтатпайтынын айтады. Сондай-ақ Ресей бодандары қолдарындағы қазақ тұтқындарын қайтарса, қазақтар да өз тарапынан олардың тұтқындарын кері қайтаратынын білдіреді.

Бірақ бұл бодандық Әбілқайыр ойлағандай нәтиже бермейді. Содан кейін ол Жоңғар хандығының қоңтайшысы Қалдан Серенге адам салады. Іздегенге сұраған ол да мұны құп алады. Ол жоңғар тұтқынынан босатылған Абылай арқылы жіберген жарлығында Әбілқайырдың тілегін орындағанын толық көрсетеді. Арадағы достық қатынастар сенімді болу үшін Әбілқайырдың өз баласына мың қазақты ертіп, Жоңғарияға жіберуін, осыған жауап ретінде өз баласын мың ойратпен қазақтарға жіберетінін айтады. Дегенмен, Әбілқайырдың Қалдан Серенмен құда болып, оған арқа сүйеп, ойдағымды жүзеге асырам ба деген үміті де ақталмай қалады. 1745 жылдың қыркүйегінде Қалдан Серен қайтыс болады. Осыдан үш жыл өткенде Әбілқайырдың өзі де Барақ сұлтанның қолынан қаза табады.

ШАҚШАҚҰЛЫ ЖӘНІБЕК – Шақшақұлы Жәнібек (? – 1751) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқан елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған, Бұқар жырау сөзімен айтқанда: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Ормандай көп орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі. Мұның сыртында ол ауыздыға сөз бермеген, қиянатқа жол бермеген әділ би, діни сауаты мол молда кісі болған. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасынан. Халық өзінің сүйікті ұлын кезінде «Шақшақ Жәнібек», «Шақшақұлы Жәнібек» деп атап кеткенімен, Шақшақ оынң әкесінің де, руының да аты емес, үшінші атасының аты. Шақшақтан Көшей, Көшейден Қошқар, Қошқардан Жәнібек туады.

Атасы шақшақ Аманжолұлы – қазақ ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің қолбасшыларының бірі болған. Есім Ташкентті шауып, Тұрсын ханды өлтіргенде Шақшақ соғыс олжасы ретінде еншісіне тиген Тұрсын ханның қызы Нұрбикені алып келіп, баласы Көшейге қосқан. Шақшақ жауға шапқанда арғынның ортақ ұраны «Ақжолды» айтпай, өз атасының атын атап: «Аманжолдап» шабады екен. Содан Аманжол Кіші жүз жақтағы арғындардың ұранына айналған. Жәнібек те жауға осы ұранмен шапқан. Ол – ұзақ ғұымр жасап, қазақтың Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілқайыр секілді хандарымен, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билерімен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырларымен бір боылп, еліне елеулі қызмет еткен тарихта орны бөлек ерен тұлға. Абылай хан қашан ерлігімен танылғанша, үлкен қолбасшы Жәнібектің қарауында, қатардағы сарбаздардың бірі болған. Оған әйгілі Айтпай батырдың Абылайға айтқан:

«Абылай , сен орта жүзге келгенде,
Жұлдызың туды оңынан.
Түйе баққан жаяулап,
Айрылдың қалың сорыңнан.
Көкбестідей ат мініп,
Қошқар ұлы Жәнібектің тобынан,
Қалмақты шауып бақ таптың,
Алғашқы барған жолыңнан» деген сөздері куә.

Жекелеген қазақ батырлары кезінде саясатқа араласқанымен, олар өз төңірегінің деңгейіндегі мәселелерді шешуге араласады. Сондықтан да ол бірде Кіші жүз Әбілқайырдың қасында болып, орыс патшасының әкімшілігімен келіссөз жүргізіп жатса, бірде Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қасында болып, жоңғар қонтайшысымен сөз байласып жатады. Енді бірде оның Ұлы жүздің батыры Қойгелдінің үйінде, тоналған орыс керуенінің мүлкін қайтару жөнінде мәселе шешіп жатқанын көресіз.

Орыс құжаттары оның әлемде болып жатқан істерден хабардар екенін жазады. Шыны да сол. Ол патша өкілі К.Миллердің ешкім білмейді деген құпиясын ашып, оның Қалдан Сереннің қабылдауында бола алмағанын айтып, екі көзін шарадай қылса, орыс әкімшілігіне келіссөзге барғанда, «Азов құрлықтан ғана емес, сумен де барлық жағынан қоршап алынды деп естідім» деп Оырнбор шекара комиссиясының бастығы В.Урусовтың көзін атыздай етеді. Сондай-ақ Еділ қалмақтарына елшілікпен барғанда, парсы шахының Астраханға шабуыл жасағалы жатқанын естігенін, олардың күшін қалай әлсіретудің амалын айтып поручик Д.Гладышевтің есін алса, Орынбор шекара комиссиясының кейінгі бастығы И.Н. Неплюевпен орыс-түрік соғысы жайында ой бөлісіп, оны таңқалдырады. Патшаға Жәнібектің қазақтар арасындағы беделі ханнан кем емес екендігін айтып, оған қазақ батырларының ішінде бірінші болып «тархан» атағын алуға көмектесетін де осы И.Н.Неплюев. Жәнібек сөзге шешен, билікте әділ, ескіше оқуы мол, сауатты адам. Содан болар ол өз кезінде Абылай ханға үш рет бата берген. Оның біріншісі – Абылайдың алғаш Шарышпен жекпе-жекке шығарында, екіншісі – Сабалақ атын тастап, Абылай аталғанда, үшіншісі – оны ақ киізге отырғызып, хан көтергенде. Қазақтың дуалы ауыз билері – Төле, Қазыбек, Әйтекелер тұрғанда, «көмекей әулие» атанған даланың ұлы жырауы Бұқар тұрғанда, жаңа ханға бата беру жолының Жәнібекке тиюі оның кезінде қандай адам болғанын, ел алдындағы беделінің деңгейін, тарихтан алар орнын көрсетсе керек.

ӨМІРҰЛЫ ЖАСЫБАЙ – Өмірұлы Жасыбай (ХҮІІІ ғ.) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасының Бәсентиін руынан. Әкесі Өмір от ауызды, орақ тілді шешен адам болыпты. Анасы – қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Шежіре деректерінде батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де содан. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі көрінеді. Жасыбай жөнінде Н.Я. Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерде, батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бірге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан жауырыншылығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін қалмақтардан тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. «Ол-жауға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі. Қзақа қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығысы бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: «Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша, өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалады» (Н.Я.Коншин). Бұл деректердің дұрыстығына «Олжабай батыр» жырындағы: «Келген жолмен шұбырап, Есепсіз жолда қырылып, Баян тауын жанапты. Қайқайып садақ тартқанда, Қалмақтың тиіп сұм оғы, Жасыбай қалды жығылып» деген жолдар да, соғыс болған жердің бұл күнде «Қалмақ қырылған» аталуы да дәлелдей түседі. Туған елін, өскен жерін ата жаудан азат ету жорығында сан ерлігімен көзге түсіп, осы игі мақсат жолында қаза тапқан ерінің есімін ардақтаған халқы кейін Баян тауының ол қорғаған асуына «Жасыбай асуы», көліне – «Жасыбай көлі» деген ат береді. Ол жерлер қазір де солай аталады.

ӨТЕҒҰЛҰЛЫ ӨТЕГЕН – Өтеғұлұлы Өтеген (1699- 1773) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан. Өтегеннің ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет қазақ ханы Салқам Жәңгірдің Самарқан әмірі Жалаңтөспен бірігіп, жоңғардың 50 мың әскерін талқандайтын әйгілі шайқасына қатысқан батыр. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Осындай тектілерден жаралған Өтеген де 15 жасында-ақ есімі елге танылып, батыр атанады. Оның Тарпаң есімді баласы мен Шаншар атты немересі де ел қорғап, жат жерліктерге найза түйреген белгілі батырлар. Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» – деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі – Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екнішісі – батырдың елді «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтар соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге : «өлгенде сен су астында қаласың» деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.

БЕРДӘУЛЕТҰЛЫ ЖӘНІБЕК – Бердәулетұлы Жәнібек (XVIII) – жоңғар басқыншылығына қарсы шайқаста аты шыққан, Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының алғы шебінде жүрген айбынды батырлардың бірі. Шыққан тегі – Орта жүздің Керей тайпасынан. Соған орай халық оны сол заманның аты шыққан әйгілі батыры Шақшақ Жәнібекпен шатастырмас үшін «Крей Жәнібек» деп атап кеткен. Жәнібек әкесі Бердәулет ерте қайтыс болып кеткендіктен, нағашысы қазақтың атақты үш биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек бидің тәрбиесінде болады. «Кісі болар жігітті кісесінен, кісі болмас жігітті мүшесінен таниды» дегендей. Қазыбек би жиенінің көзінде оты, көкірегінде сәулесі барын көріп, оны кішкентай күнінен ел басқару жұмысына тәрбиелейді. Он сегізге жасы жетіп, күш-қайраты толған кезінде Жәнібек жауға аттанып бара жатқан жасанды қолды көріп, Қазыбектен жорыққа аттануға бата сұрайды. Қазыбек: «Қарағым, өзгеге берген батамды өзіңнен неге аяйын. Ер азамат қылып өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей, жау тілеме» дейді. Бұған риза болмаған Жәнібек: «Он сегізге келгенше , жігіт болып жетіле алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, от басын айналдырған көбелектей көргеніңіз бе?» деп наразылық білдіреді. Сонда Қазыбек: «қой, рұқсат бермесем, құса болып өліп кетер, не қолға рұқсатсыз еріп кетер» деп ойлап, «Қол басқарсаң, жолың киелі болсын! Ел басқарсаң, сөзің жүйелі болсын!» деп батасын береді. Ұлы атасының ықыласымен берген батасы қабыл болып, Жәнібек жолы киелі қолбасшы, сөзі жүйелі ел басшысы атанады. Жәнібек батырдың өмір жолын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірі – батырдың жоңғар басқыншыларына қарсы күресіп, сан шайқасты бастан кешірген батырлық, қолбасылық өмірі. Екіншісі – жаудан азат етілген жерге елін бастап барып, орналастыруы, ел бірлігінің бұзылмауы жолында тер төккен басшылық өмірі. Ол халықтың жадында қол бастаған аруақты батыр, ел басқаруда әділ басшы болып қалды. Өзі иелік еткен Абақ керей елі оның атын ұранға айналдырды.

САРТҰЛЫ ҚОЙГЕЛДІ – Сартұлы Қойгелді (1702-1795) – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресінде қол бастаған атақты қол басшылардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Шымыр руынан. Әкесі Қойгелдіні жеті жасында Бұхара медресесіне оқуға береді. Ол сонда он жыл білім алып, елге діни сауаты мол білікті азамат болып оралады. Оның ел ішінде хазірет атануы да содан. Бірақ жаугершілік аман, ел басына түскен ауыр жағдай Қойгелдіні еріксіз хазіреттің сәлдесін тастап, сауыт киюге, тәспиығын тастап, найза ұстауға мәжбүр етеді. Қойгелдінің бүкіл өмірі, тағдыры Ұлы жүз елінің басшысы, қазақтың атақты биі – Төле бимен ажырата алмастай тығыз байланыста өтеді. Ұлы бидің сенімді серігі, жауға жұмсар батыры болған. Бұл ретте Төленің өмірін жазған Қазанғап: «Сол күндерде хазірет, Сарттың ұлы Қойгелді, Төледен кейін бастаған, Ұлы жүзді сол еді» дейді. Сондай-ақ « Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген, ел аузында сақталып, мақалға айналған ескі сөз де сол бір аласапыран кезеңде айтулы екі тарихи тұлғаның ел тағдырын шешуде қандай оырн алғанын айғақтап тұрғандай. Қойгелді әуелде батырлығымен аты шығады. Түрлі шайқаста жекпе-жек шыққанда жеңіліс көрмей, жоңғардың тоғыз батырын өлтіріп, қазақ қолын жеңіске рухтандырған ерлігі ел аузында аңызға айналған. Кейін сардар болып, қол басқарғанда да ол әскери соғыс тәсілін жетік меңгерген басшы ретінде сарбаздарын жеңістен жеңіске ұмтылдырып, үлкен қолбасшылық қабілетін танытады. Атақты Аңырақай соғысына Қойгелдімен бірге оның екі інісі Қожық пен Ақша бірнеше рет жекпе жекке шығып, жаудың бірнеше батырын өлтірсе, Қожық Ұлы жүз қолының ту ұстаушысы болады. Баласы 13 жасар Қарабатыр қаптама соғыста ауыр жараланып, ататн түсіп қалған ағасы Ақша батырды қашан әкесі Қойгелді келіп алып шыққанша жауға бермей қорғап тұрады. Қойгелді қолбасшы ретінде Жетісу жері жаудан азат етілгенше жүргізілген соғыстардың бәріне қатысады. Кейін елді жаудан тазартылған жерге орналастыруда да үлкен еңбек сіңіреді. Кешегі Кеңес дәуірінде Қойгелдіні орыс керуенін тонаушы қарақшы ретінде көрсетіп келді. Соның салқыны оның кейінгі ұрпағына да тиіп, 1937 жылы олардың біразы «халық жауы» аталып, атылып, айдалып кетеді. Шындығына келгенде, Қойгелдінің керуен тонағаны да, кейін Төле би мен Шақшақ Жәнібек батырдың араласуымен орыс патшасының өкілі Карл Миллерге керуен шығынына мал беріп, төлегені де рас. Бірақ ол не қылған керуен еді. Мәселе осында. Ол – орыс патшасының қазақ жері арқылы жоңғар басқыншыларына жасырын қару-жарақ тиеп алып бара жатқан керуені еді. Кейін 1756 – 1758 жылдардағы атамекенді жоңғакрлардан тазарту жолындағы ақтық айқастарда осы орыс мылтықтары қазақ жауынгерлерінің қолында «сөйлеп», жеңіс туының желбіреуіне үлес қосқаны белгілі. Қойгелді батыр 93 жасқа келіп, туған жерінде өз ажалынан қайтыс болған. Денесі сол кездің дәстүрі бойынша Түркістанға жерленген.

ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ ҚАБАНБАЙ – Қожағұлұлы Қабанбай (1703-1781) – жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Шыққан тегі – Орта жүдің Найман тайпасының Қаракерей руынан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батырлар әулетінен. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлар болған. Ел ауызындағы әңгімелер дерегіне қарағанда, Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын соғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады. Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі айтулы ірі шайқастардың бәріне қатысқан. «Хан батыры», «Дарабоз» деген атақтарға ие болған. Сан рет шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, бәрінде жаудың үміткер батырларын жер жастандырып, жауынгерлерін жеңіске рухтандырып отырған. Халқы оны «Қаракерей Қабанбай» деп ардақ тұтып, есімін жырға бөлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Абылай хан дәуіріндегі қазақтың ең соңғы әскери ірі қақтығысы 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл – осы соғысқа қатысқан Қабанбай батырдың да ерлік жолының соңғы белесі. Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-1762 жылдардағы өмірі ғана көрінеді. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігінде жүрген дана, би ретінде айтылады. Қабанбайдың Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атайды. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді. Батырдың ұрпақтары бұл күнде Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының жерінде мекендегенімен, олардың арғы аталары оңтүстік жақтан ауып келіп, Есіл, Нұра бойын қоныс еткен. Бұл өңірдің 1728-1762 жылдар аралығында батырдың да құтты мекені болғаны белгілі. Қайтыс болғаннан кейін, Қаракерей Қабанбайдың денесі осы атамекеніне әкеп жерленген керей Қабанбайдың денесі осы ата мекеніне әкеп жерленген көрінеді. Елі жақында аяулы батырының басына сәулетті күмбез орнатты.

НАЙМАНТАЙҰЛЫ БАЙҒОЗЫ – Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) – қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Байғозы батырдың туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңарқа және шет аудандарының жапсырындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады. Байғозы батырдың шыққан тегі Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руынан. Шежіре дерегі бойынша 12 ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау , одан Есенкелді, одан Сүтемген, одан Наймантай батыр, одан Байғозы батыр туған. Байғозы батырдың шешесі Шолпан Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы. Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай (сүйегі Ахмет Яссауи кесенесіндегі қорымда) баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі – балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Халық жырларында:

«Қолында қамшысы бар айбалтадай,
Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»
«Тарақты да Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау кесе,
Мен барайын дер еді» – деп айтылады.

Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау,Түркістан, Қарқаралы, Ыстық көл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жанақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр – толғауларында кездеседі. Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың да ерліктерін қызықты баяндайды. Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып, академик Р.Б.Сүлейменов пен тарихшы ғалым Р.В.Мойсеев былай дейді: «Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-қытай жаушылармен күрес барысында Бөгенбай, Малайсары, Жәнібек, Баян,Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынай сияқты ержүрек батырлардың , білікті әскер басылардың қалың легі ел ішінен суырылып шықты». Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады. Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек.

ХАНГЕЛДІҰЛЫ РАЙЫМБЕК – Хангелдіұлы Райымбек (1705-?) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Кейінгі деректерде «Хангелді Райымбек» деп аталғанымен, Хангелді Райымбектің әкесі емес, атасы. Әкесі – Хангелдінің кенже ұлы Түке. Бұл ретте ел аузында мынадай аңыз сақталған. Хангелді батыр өз кіндігінен тараған төрт ұлын сынамақ болып, күздің қара суығында балаларын киіз үйдің сыртына жатқызады. Содан соң өзі ерте тұрып, ұйықтап жатқан балаларын сынайды. Кеуде түгі қырауланып жатқан үлкенін «батыр болады екен» деп, бүркеніп жатқан ортаншысын «момын, шаруажай болады екен» деп, бір бетін ашып, бір бетін бүркеп жатқан келесі ұлын «ағайынға ақыл айтар болады екен» деп сынап, басын, кеудесін бүркеп, төменгі жағын ашып тастап жатқан кенжесі Түкеге келгенде «ұятын қымтап, әбиірін жаппаған бұл кімге абырой әперер дейсің» деп түңіліп, басын шаппақ болғанда, қасындағы бәйбішесі: « бұл баланы өлтірме, қайта жақсы жерден таңдап, қыз әпер, тұқымы асыл туады, ұрпағынан батыр шығады» деп тоқтатады. Анасының айтқаны ақиқатқа айналып, Түкеден аты бүкіл Албанға ұран болған атақты батыр Райымбек туады. Кейбір зерттеушілер кешегі Кеңестік дәуірде Райымбекті Ұлы жүз елін Россияға қосуға елеулі үлес қосқан атасының ісін жалғастырушы тікелей мұрагері етіп көрсету үшін сол кездегі құжаттардың бәріне «Райымбек Хангелдіұлы» деп толтырылған дегенді айтады.

Райымбек заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшысының бірі болған. Жан беріп, жан алысқан жаугершілікті заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болып, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керектігін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі қамалып келіп қалған қалмақ қолынан ығысып барып, жауынгерлері буырқанып тасып жатқан Ілеге тіреліп, не істерін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің көзсіз ерлікке барып, әскерін өзеннен аман өткізуі. Райымбектің үнемі Ұлы жүз қолының атақты батырларымен тізе біріктіре отырып, атамекенді жаудан тазартудағы ерліктері – ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ол талай рет шағын топпен жау шебіне баырп, тосыннан тиісіп, қарсы жақты ойран-топан етіп отырған. Оның ерекше көзге түсіп, ерен батырлығын танытқан «Ойрантөбе шайқасы» сондай шабуылдарының бірі ғана. «Ақтабан шұбырынды» кезінде жау қолын бөгеп, босқан елдің қырғынға ұшырамай, аман құтылып кетуіне мүмкіндік жасаудан басталған батырдың ерлік жолы Жетісу жері азат етіліп, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуған жеңіс жолына үзіліссіз келіп жалғасады. Ол осы кездердің бәрінде аттан түспей, қарулас серіктерімен бірге талай шайқастарды бастан өткізеді. Райымбек батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар көп. Солардың бәрінде Райымбекті «Әулие» деп атайды. Тасып жатқан дариядан әскерін аман өткізуі, сусыз жерден су шығаруы, болашақты болжаған көріпкелдік іс-әрекеттері оның ел есінде осы атағымен сақталуына мүмкіндік берген болса керек. Мүйізді Өтеген батыр бірде Райымбекке: « сен өлгенде шудың астында қаласың» деген екен. Сол сөз шындыққа шығып, батырдың мазары бұл күнде бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойындағы, қазіргі Алматының ең шулы көшесінің жиегінде тұр.

4-кітап

КӨКІҰЛЫ ЕСЕТ – Көкіұлы Есет (1667-1749) – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі. Шыққан тегі Кіші жүздің Жетіруының ішіндегі тама руынан. Әбілқайыр хан Россияға қосылу мәселесін көтергенде соның қасында болып, Кіші жүз бен Орта жүздің орыс патшасының қоластына өтуіне белсенді атсалысқан атақты Кіші жүз Бөкенбай батырдың күйеу баласы.

Есеттің әкесі Базарқұлұлы Көкі де заманында аты шыққан батыр болған. Жауға үнемі тайсалмай тура шабатындықтан «Таймас батыр» деген ат алған. Тарихшылар Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батыры қоңтайшысының 50 мыңдық әскеріне 600 жауынгермен қарсы тұрып, шайқасып жатқанда 20 мың әскермен көмекке келетін Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің ішінде осы Көкі батырдың да болғандығын, сонда оның шеп бұзып, үлкен ерлік көрсеткенін жазады.

Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен тұрғыластары сияқты Есет те ел қорғау жорығына ерте араласады. Жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті деген әңгіме де бар.

Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен Ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болады.

Есет батырдың кейінгі өмірі Әбілқайыр ханның саясатымен тығыз байланысып жатады. Ханның қасында болып, ақыл кеңесін береді, хан мен халық арасына түскен жарықшақты дәнекерлеп бітірушісі болады. Әсіресе, орыс патшасының қол астына өтер кездегі хан басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде ол сол кездің тарихи ірі тұлғалары Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірлесе отырып, оған үлкен көмек көрсетеді. Россиямен қарым қатынасты жақсартудағы сіңірген еңбегі үшін патша үкіметі оған 1743 жылы «тархан» атағын берді.

Есет батыр сексен екі жасында өзінің атамекенінде, өз ажалынан қайтыс болады.

ҚАЛҚАМАНҰЛЫ БҰҚАР ЖЫРАУ – Қалқаманұлы Бұқар жырау (1668-1781) – қазақтың ұлы жырауы, XVIII ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылайханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен. Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай. XVIII ғасырда болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, XIV ғасырдағы ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай. Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі.Ол жан-жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз. Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні-түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның таққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек.

САРЫҰЛЫ АҚТАНБЕРДІ – Сарыұлы Ақтанберді (1668 – 1762) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.

Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.

Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.

Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.

Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.

Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болып келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.

Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң-балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді.

Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтанберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады.

СЫРЫМБЕТҰЛЫ ХАНГЕЛДІ – Сырымбетұлы Хангелді (1688 – 1763) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен атақты батырлардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Көнекөз қариялардың, батырдың қазіргі ұрпақтарының айтуына қарағанда, оның аты Хангелді емес, Қангелді көрінеді. Бала анадан шыр етіп жерге түскенде, қан шеңгелдеп туғандықтан, оған халық дәстүрі бойынша «Қан келді» деп ат қойды.

Хангелді заманында айтулы батыр болған. Ұлы жүздің ақылман білікті адамдарымен аралас құралас жүріп, ел басқарысқан, жау жүрек батырларымен үзеңгілес жүріп, қол бастаған. Аягөз, Тесіктес жерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түскен, атақты Аңырақай соғысына қатысқан.

Жоңғар басқыншылығына қарсы күресте әкесімен тізе қосып, үлкен ұлы Тілеуке мен немересі Райымбек те жауға шапқан. Екеуі де есімін ел таныған батыр болған. Райымбек батырдың аты бүкіл албанға ұран болған.

Хангелді батыр сол кездің жағдайына орай Ұлы жүз қазақтарының Россияға қосылуына ел ағаларымен бірге елеулі үлес қосады. 1733 жылы Төле би, Сатай және Бөлек батырлармен бірге орыс мемлекетінің қол астына қарауға тілек білдіріп, орыстың патша әйелі Анна Ивановнаның (Иоанновнаның) атына хат жазады. Бұл алғашқы хатты Аралбай батыр мен Оразгелді батыр жеткізсе, бір жылдан кейін, яғни 1734 жылы тағы да патша атына жазылған екінші хатты Петерборға тікелей Хангелді мен Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі апарады.

Ел аузында Абылай сұлтан жоңғарлар қолында тұтқын болғанда, оны босатуға Төле би бастап барған тоқсан адамның ішінде Хангелді де болған көрінеді. Ол қолбасшылығымен аты танылған кезде еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, деректерінде оның Жауғаш батырмен бірге қытайдың шекара әкімшілігіне барғаны айтылады.

ЖАНГЕЛДІҰЛЫ ЕСКЕЛДІ – Жангелдіұлы Ескелді (1692-1780) – қазақтың көрнекті биі, батыры. Туып өскен жері Жетісу алабы. Іле, Қаратал, Көксу өзендерінің бойы. Шыққан тегі – Ұлы жүз Жалайыр, оның ішінде Сиыршы атасынан өрбиді. Шежіре дерегі бойынша Сиыршының Бірманағынан – Байкөбен – Тоқымбет – Жанғабыл – Жылкелді – Ескелді болырп өрбіді. Ескелдіден туған Дөмей, Арғынбай, Мырзатай, найман, Таңатар, Жылқыайдар, Түнғатар деп аталатын балаларының ұрпағы өсіп өнген. Ескелдінің үлкен атасы Жанғабыл батыр әйгілі Әлібекұлы Төле бимен бастас, қадірлес, құда болған. Төле бидің Ұлбике деген қызы Ескелдінің анасы. Ескелді дүниеге келіп, Төлебиден сүйінші сұрапты дейді. Сонда Төле би: «Тілекті Алла ескерді, Жалайыйр еліне ес келді, баланың аты Ескелді болсын, елінің есіне ес қосылып, халқының қамын ойлайтын азамат болсын!» деп батсын беріпті. Ескелдінің аты жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан кезі –Жоңғар шапқыншылығының өршіп, әсіресе Жетісуды қоныстанған қазақ ру-тайпаларының зор күйзеліске ұшырауымен тұспа-тұс келеді. Жойқын шапқыншылық жылдарында Жалайыр елі ата қонысынан ауа көшіп, Сыр бойына ығысуға мәжбүр болады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Ескелді би өзінің әйгілі үзеңгілестеріБалпық би, Орақты батыр, Қабан жырау сияқты елге тұтқа азаматтармен тізе қоса қимылдап жүріп, ата мекеннен жаудың іргесінің түрілуіне мұрындық болады. Ескелді алғаш рет Жоңғарлармен болған Іле-Бақанас шайқасында (1723) батырлығымен көзге түседі. Осы соғыста жоңғарлардың Жетісудағы ең берік бекінісін бұзып, Ескелді батыр бастаған қол Қабанбай батырдың әскеріне қосылды. Күш біріктірген қазақ қосындары түріле қашқан жоңғар жақтарына Жоңғар қақпасының түбінде соққы беріп, зор шығынға ұшыратады. Тарихи деректерде Ескелді бидің елдік істерінің бірі ретінде шапқыншылықтан шашыраған Жалайыр елінің басын қосып, ата мекені Қаратал, Көксу өзендерінің бойына қайта қоныстандыруы айтылады. Қалың Жалайыр атамекенге оралып, қоныс-тұрақ белгілесіп жатқанда Қабан жырау Ескелді биге былай деп сауал тастапты: «Уа, Ескелді, еліңді жеріне жеткіздің, талай–талай қасіретті басыңнан өткіздің. Осы жерге жеткенше шарқ ұрдың, тыным таппадың. Айт мына жұртыңа, ұрпағыңның келешегі не болды? Бұл жерде не азайып, не толады?» Сонда Ескелді би: «Тектіден тексіз озар, бірақ ұзаққа бармас, темір құрсау үзілер, темір кісен шешілер. Ұрпағым осы жерде өседі де өнеді. Оған мына Ескелді жарқырап тұрған күндей сенеді!» – деген екен. Десе дегендей, қазір Алматы облысының Талдықорған, Көксу аудандары кезінде Ескелді ауданы деп аталып, 1928 жылға дейін Шұбар, Қарабұлақ, Жалғызағаш елді мекендері Ескелді болысы делінетін. Қазір ел қамын ойлап ересен істер тындырған ата-бабаға деген ұрпақ ризашылығының айғағындай болып Сарыбұлақ ауылында Ескелді-Балпық мұражайы жұмыс істейді. Мұражай төріне қойылған Ескелдінің дулығасы ел қамы мен халық тағдырына бел шеше аралақан ата бабаның көзіндей болып, бүгінгі ұрпаққа ықыласпен ден қойдыртады.

ТАУАСАРҰЛЫ ҚАЗЫБЕК – Тауасарұлы Қазыбек (1692-1776) – Кіші Азияның ірі қалаларында болып, діни, ғылыми білім алған оқымысты, жоңғар бақыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Әкесі Матайұлы Тауасар би болған. Баласының неге болсын қабілетті зеректігін ерте байқаған әкесі Қазыбекті бес жасында Бұхараға апарып, дін оқуына береді. Кішкентайлығына қарамай жақсы оқыған бала Қазыбек медресені төрт жылда тамамдап, елге оралады. Мұнда екі жыл ауыл балаларына дәріс береді. Екі жыл бала оқытып, біраз адамның сауатын ашқан он бір жасар Қазыбек қасына ауылдасы өзінен бір жас үлкен Өтеғұл байдың баласы Өтегенді (кейін Сүйінбай, Жамбыл жырлаған Өтеген батыр) ертіп, тағы да білім іздеп жолға шығады. Олар Самарқантта бір жарым жыл болып, атақты Қазы- заде Румидің ұрпағы Хафиз-задеге шәкірт болып, одан дәріс тыңдайды. Одан кейін қайта жолға шығып, Шамға, Бағдадқа, одан әрі Ыстамбұлға, Римге барып сегіз жыл сапарда болады. Қазыбекке, әсіресе, Бағдад пен Ыстамбұлда болып, білім алған кездері өте пайдалы болып жан-жақты өсуіне мүмкіндік алады. Араб, парсы тілдерін айтарлықтай меңгереді. Араб тілін жақсы білудің арқасында Ыстамбұл кітапханасында Әл-Фараби еңбектерімен танысады. Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түрк», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» кітаптарын осы жерде оқиды. Қазыбек пен Өтеген бүкіл Еуропаны, орыс жерінің біраз жерін аралап, 1709 жылы елге оралады. Елге келгеннен кейін жиған-терген дүниелерін жинақтап, «Иран шешегі» атты кітабын жазады. Бірақ, жаугершілікті заман оның кітап жазып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік бермейді. Ол амалсыз қаламын найзаға айырбастап, ел қорғау ісіне араласады. Оның бұдан кейінгі бар өмірі елдің шетінде, жаудың өтінде өтеді. Ол алғаш қалмақтармен Аягөзде болған соғысқа қатысады. Осында ол Қабанмен, Қожаберген жыраумен танысады. Осыдан бір жылдан соң, Сеуан Рабданға Тәуке ханның елшісі болып барады. Елдің «Ақтабан Шұбырындыға» ұшырауы – ерлердің жанына қатты батады. Олар бұл күндері ат үстінен түспей, бірде босқан елдің басын қосып, ұжымдастырып жатса, бірде өкшелей қуған жауға тойтарыс беріп, шайқасып жатты. Осы бір қазақтың басына төнген қаралы күндердің ауыртпалығын Қазыбек те ел ағаларымен бірге көріп, арпалысты күн кешеді. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар бастаған талай соғысқа қатысып, ерлік көрсетеді. Сондай шайқастардың бірінде қырық жерінен найза тиіп, ақыры сол жарадан қайтыс болады. Бізге Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген жалғыз еңбегі жетті. Ол онда замандастары жайында көп деректер береді. Ел-жұртының тәуелсіздігі жолында арыстанша алысып, опат болған көптеген ерлердің аты-жөні айтылып, істеген ерліктері тәптіштеле баяндалады, заты қазаққа әйгілі тұлғалар жайында аса бір сүйіспеншілкпен жазады. Қазыбек Тауасарұлының бұл еңбегінің құндылығы да осында.